POST-терминалдар қажет пе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

POST-терминалдар қажет пе?

10.01.2014
POST-терминалдар қажет пе?

Елімізде онлайн жүйесі арқылы қаржылық-есеп айырысуға арналған POST-терминалдар мен жаңа бақылау-кассалық машиналарын қолданысқа енгізу кейінге шегерілді.

 
Бұған қатысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жиылыс өткізіліп, өткен жылдың 28-ші желтоқсанында арнайы Қаулы шығарылды.
 
Яғни, жаңашыл бастама алты айдан кейін іске асырылатын болады. Оған басты себеп, дәл қазір еліміздің сауда саласындағы материалды-техникалық база және коммуникациялық жабдықтау дайын емес.
 
Онлайн жүйесі арқылы қаржылық есеп айырысу. Өткен жылы көтерілген бұл бастама елдегі кәсіпкерлер үшін тосын жаңалық болды. Әсіресе, шағын және орта бизнес тығырыққа тірелген болатын.
 
Галина Долтес, бақылау-кассалық машиналарын шығаратын зауыттың өкілі:
Мұндай машиналарды қайдан аламыз, ол мемлекеттік реестрде бар ма? деген сұрақтар көп түсіп жатыр. Біз Қаржы министрлігіне қарасты Салық комитетіне хабарласып ешбір тұщымды жауап ала алмадық. Әрине, жақсы бастама. Бірақ, процессорлық орталық жоқ бізде. Мұны дәл қазір техникалық тұрғыдан шешудің өзі мүмкін емес. Сондықтан, атқарушы органдар алдын-ала дайындықсыз кәсіпкерлерді әбігерге салып қойды.
 
Роза Байымбетова - базар саудагері. Құны 70 мың теңге тұратын POST- терминалды бүгін сатып алуға әзір. «Бірақ соның қажеті болар ма екен?» деген күдігі басым.
 
Роза Байымбетова, жеке кәсіпкер:
Базарға ешкім карточкамен келмейді. Ондай деңгейге жетіп отырып, халықтың барлығы карточкамен жүрсе, біз онда қашпаймыз. Біз салық төлеп отырмыз. Кассовый аппаратымыз бар міне. POST-терминалды қоя салу бізге проблема емес, ол қолайсыз.
 
POST-терминалдардың тиімділгі сол, саудадағы фискальді мәліметтер бірден салық органдарына түседі. Яғни, бизнестің кіріс-шығысы мемлекет назарында болады. Сондықтан, кәсіпкерлік саласындағы жаңашыл жобаны іске асыруға әлі біраз уақыт керек екен.
 
Қайрат Нүкенов, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Бұл сұрақ 2014-ші жылдың 1-ші қаңтарынан 2014-ші жылдың 1-ші маусымына дейін шегерілді. Және оны тек қана Астана мен Алматы қалаларында қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
 
Салық органдарына онлайн жүйесінде мәлімет беретін кассалық аппараттарды қолдану тәжірибесі Оңтүстік Корея және Жапонияда бар. Оған жету үшін еліміздегі телекоммуникациялық жүйені дамыта түсу керек. Сонда ғана салықтан жалтару және оны дер уақытында жинау мәселесі шешілетін болады.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу