Ене мен келіннің дүрдараздығынан 3 бала далада қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ене мен келіннің дүрдараздығынан 3 бала далада қалған

11.01.2014
Ене мен келіннің дүрдараздығынан 3 бала далада қалған

Шымкентте аязды түні көшеден табылған 3 балаға қатысты оқиғада жаға ұстатарлық жағдайлар белгілі болды. Алдымен полиция бөбектердің анасын анықтаған болатын. Ол 22 жастағы Ақмарал Жарылқасынова есімді азаматша екен. Келіншектің айтуынша, ол балаларын көшеге қалдырмаған. Керісінше, туыстарының үйіне алып барып, уақытша қарай тұруларын сұраған. Ал, бүлдіршіндерді өз ауласынан тауып алдым деген Фарида Сариева оның қайын енесі болып шықты. 

 
Бұл оқиға соңғы 10 күнде бүкіл ел ішінде қызу талқылануда. Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтар күні қала тұрғыны Фарида Сариева есігінің алдынан 3 бейтаныс баланы тауып алғанын жария еткен еді. Бейкүнә бөбектерді қыстың суығында далада қалдыруға кімнің қолы барды екен деп шулады сонда жұртшылық.
 
Фарида Сариева, қала тұрғыны:
Мыналар неге тұр дедім де, көшеге шығып қарасам, ешкім көрінбейді. Үйге алып кірдім, баласы жалаңаяқ екен.
 
Содан үшеудің үлкені оңалту орталығына, екеуі балалар ауруханасына орналастырылды. Тәртіп сақшылары бүлдіршіндердің ата-анасын іздеуге кірісті. Араға бес күн салып табылған келіншек журналистерге жағдайдың қалай болғанын жайып салды. Айтуынша, 3 бүлдіршінді тастап кетті деп полицияға хабарласқан Фарида Сариева оның азаматтық некедегі жолдасының анасы екен. Жұмысқа шығып, нәпақа табу үшін Ақмарал енесінен бүлдіршіндерді бір апта қарап беруін өтінген екен.
 
Ақмарал Жарылқасынова, балалардың анасы:
Өз қолына тастап кеткен соң, мен кетіп қалдым. Бес күннен бері жұмыста болдым, кеше ғана көрдім. Мен тастаған жоқпын. Қалай тастап кетемін? 3 баламды 4 жылдан бері асырап жүріп, қалай тастаймын? Мен өзім мәпелеп асырап жүрмін ғой. Өз қолына тастадым, қайын сіңлім да шықты ғой, өз көзімен көрді.
 
Тәртіп сақшылары да балаларды тауып алған Фарида Сариеваның бүлдіршіндерге расында да туыстығы бар екендігін растап отыр. Тек, Ақмарал күйеуімен заңды некеге тұрмаған. Сол себептен, 3 перзентінің де туу туралы куәлігі жоқ. Ал, полицейлер оны заңмен жазалауды көздеп отыр.
 
Алмас Мырзахметов, Еңбекші аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:
Өзінің ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 111-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатын болады. Ол жерде айыппұл қаралған.
 
Ене мен келіннің дүрдараздығы осылайша 3 бейкүнә баланың далада қалуына әкеліп соқты. Енді Ақмарал Жарылқасынова балаларын қайтарып алмақшы. Қалай болса да, өзім асыраймын деп отыр. Немерелерінен бас тартқан енесін ол сотқа бермекші. Іс толық біткенше 3 жасар Керемет кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, бауырлары Мирас пен Кәусар қалалық балалар ауруханасында бола тұрады.
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу