Морждар қысқы шомылу науқанын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Морждар қысқы шомылу науқанын бастады

13.01.2014
Морждар қысқы шомылу науқанын бастады

Петропавлдық морждар қысқы шомылу науқанын бастады. Құрылғанына 10 жыл толған клуб мүшелері күн суысымен-ақ, мұздай суға түсіп, денсаулықтарын шыңдайды. Қазір Петропавлда 18 адам осы ұйымның белсенді мүшесі. 

 
Александр Фурманюк суық суға алғаш рет осыдан 18 жыл бұрын түсіпті. Содан бері бұл істі дағдыға айналдырған. Қыстың көзі қырауда Есілге бір сүңгіп шығады. Ең бастысы  - суық тию, тұмау  секілді ауруларды мүлде ұмытқан.
 
Александр Фурманюк, «Здоровье» клубының жетекшісі:
Адамның бізге беймәлім қырлары көп. Суық суға шомылу үшін ең бастысы, психологиялық дайындық керек. Қорқынышты жеңу үшін. Шомылу - денсаулыққа өте пайдалы. Ағзаның табиғи қорғанышы артады.
 
Ал Дәурен бүгін суық суға бірінші рет түсті. Алғашында сескенгенімен, «Шешінген судан тайынбас», деген мәтелді есіне алып, суатқа күмп берді.
 
Дәурен Сағидулла, студент:
Суға сүңгігенде алғашында суық болды. Кейін денем үйреніп кетті. Бүгін морждар шомылады дегенді естіп, өзімді сынап көрмек болдым, ұнады.
 
«Здоровье»  клубының құрылғанына биыл - 10 жыл. Морждардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Биыл ақпан айында қаладағы қысқы шомылуды ұнататындардың басын қосып, акция өткізуді жоспарлап отыр.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу