Батыс Қазақстан облысында ірі шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Виталий Каркуланы атып кетті. Қайғылы оқиға Переметное ауылындағы кәсіпкердің үйінде болған.
Кіреберіс бөлменің терезесін сындырып кірген қылмыскерлер кәсіпкердің әйелі, облыстық мәслихаттың депутаты Валентина Каркуланы желкесінен ұрып құлатып, Виталий Каркуланы басынан атып өлтірген.
Полиция мен жедел жәрдемді қазір аудандық ауруханада хал үстінде жатқан Валентина Каркула шақырыпты. Оған облыс орталығынан арнайы келген дәрігерлер операция жасаған.
Ерлі-зайыптылардың Біріккен Араб Әмірліктеріне демалуға аттанғалы жатқаны да белгілі болды. Қаскөйлердің үйдегі 500 мың Ресей рублі мен бағалы ұялы телефондарға тиіспегені де анықталды. Қазір елді мекенге кіріп-шығатын жолдар толықтай полиция қызметкерлерінің бақылауына алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Махамбет Әбисатов, Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы:
Валентина Каркула есі кірген кезде полицияға қылмыскерлер туралы кейбір мәліметтерді хабарлап үлгерді. Қарақшылық жасаған үш адам, төртіншісі оларды көлікте күтіп отырған. Қазір оқиға орнында табылған іздер тексерілуде. Ішкі істер министрлігінің басшылығымен сөйлестім, бізге жақын күндері тәжірибелі тергеушілер келеді. Солармен бірге осы қылмысты ашатын боламыз.
Рауан ДИӘЛИ