Қарағандыда 100-ге толған кейуана тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 100-ге толған кейуана тұрады

15.01.2014
Қарағандыда 100-ге толған кейуана тұрады

Қарағанды облысының Абай ауданында тұратын Зейілхан Әубәкірова 100 жасқа толды. Кейуананы туған-туыстары, ауданның атқамінерлері мерейлі мерекесімен құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды. 

 
Зейілхан әже - қазақ жұртына қасірет әкелген азалы жылдардың, Отан соғысының куәгері. Бала күнінен еңбекке араласып, 12 жыл көмір шахтасында әкесіне еріп, қара жұмыс істеген.
 
Кейін ауылда сауыншы болып, зейнетке шығады. Шежіре әжеміз үш құрсақ көтеріпті. Бүгінде солардан тараған немере мен шөбере, жиендердің ақылшысы.
 
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», - дейді қазақ даналығы. Талай тарихи оқиғаларды артқа тастап, екі ғасырға куә болған әжеміз әлі де тың. 100-ге келген жасына қарамастан қамыр илеп, іс тігеді. Келіндерге үлгі болған кейуана үй шаруасынан да қол үзбеген.
 
Ордалы шаңырақтың тірегіне айналған ғасыр әжеміз балаларын былай қойғанда, шөберелерінің де атын жатқа біледі екен. Әр сөзінде тәрбиелік тағылым жатқан әжеміз «Өскелең ұрпақ тәуелсіздікті бағалап, бақытты ғұмыр кешсе екен», деп тілейді.
 
Зейілхан Әубәкірова, 100-ге толған кейуана:
Балаларым жаманшылық көрмесін. Әсіресе, соғыс көрмеңдер. Бес уақыт намазымды үзген жоқпын. Жұмыстың қиынын да көрдік, халқым сыйлады.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу