«Нұр Отан» партиясы онлайн режимде қоғамдық қабылдау өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы онлайн режимде қоғамдық қабылдау өткізді

15.01.2014
«Нұр Отан» партиясы онлайн режимде қоғамдық қабылдау өткізді

Елордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Нұр Отан» партиясында онлайн режимде қоғамдық қабылдауын өткізді. Арыз-шағымын арқалап келгендердің бірі заңсыз жұмыстан қуылған адам болса, енді бірі 5 баласына жәрдемақы ала алмай зар илеп жүр.

 
Ғабит Жұмаділдаев Қарағандыдан келді. Ол жұмыс кезінде жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек атанған.  Үш баланың әкесі қазір жұмыссыз отыр. Ал жұмыс беруші мекеме оған бір тиын да жәрдемақы төлемепті.  Ғабиттың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ, мардымды жауап болмаған. Бүгін ол министрге мұңын шақты.
 
Ғабит Жұмаділдаев, Астана қаласының тұрғыны:
ІІ топтағы мүгедекпін деп, анықтама алып барған кезде, бірден жұмыстан босатып жіберді.  Олар «арызыңды қайтып ал, ақша төлемейміз», деп хабарласты.
 
Жәрдемақының төленбеуі, жұмыссыздық, зейнетақының дұрыс есептелмеуі сияқты өткір мәселелермен 10-ға жуық адам арызданып келді. Олардың барлығы  оңтайлы шешім табылатынына  сенімді. 
 
Жұмажан Жүкенов,  «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары:
Біз қабылдауды әрі қарай жалғастырамыз. Қоғамдық қабылдау халықтың мәселесін шешуге ықпал ететін құрал деп санаймыз.
 
Қоғамдық қабылдауға тек елордалық емес, сонымен қатар, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарының тұрғындары да қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн режимінің ұтымдылығы да сол. Қоғамдық қабылдау жұмысы алдағы уақытта да жалғаса бермек.
 
Индира БЕГАЙДАР 

Хабарламаларға жазылу