Елбасы биылғы халыққа Жолдауында Ақтау теңіз сауда портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт пен импорт операцияларын рәсімдеуді жеңілдету қажеттігін ұсынған болатын. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Портты солтүстік батысқа қарай кеңейту шаралары 2013 жылы басталды. Екінші кезең бойынша құрылыс биыл да жалғасады.
Ақтау теңіз портын кеңейтудің экономикалық әрі стратегиялық маңызы зор, дейді сала мамандары. Бұл мәселенің Елбасы Жолдауынан көрініс табуы істі едәуір ширата түсуге септігін тигізбекші. Өткен жылы порт арқылы барлық жүк түрлерінің тасымалы 10 миллионн тоннаны құраған. Оның 6,3 миллион тоннасы мұнай, ал 10 пайыздан астамы астық пен басқа да паром жүктерінің үлесінде.
Рүстем Меңдібайұлы, экономист:
Ақтау портында рекордтық көрсеткіш кеме жүктері тасымалында анықталып отыр. Жылдық көрсеткіші - 2 миллион тоннаға жуық. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артық.
Тың жоба жүзеге асса порт қуаттылығы жылына 2,5 есеге артып, тауар айналымы айтарлықтай жақсара түседі. Сөйтіп жыл сайын 20 миллион тонна қара алтын, бұдан бөлек 3 миллион тонна металл, құрылыс материалдары сияқты өзге де жүктерді тасымалдауға мүмкіндік туады екен. Мұнда мұнай және құрғақ жүктерді түсіретін 3 айлақ болады деген жоспар бар.
Ақтау теңіз порты аумағын 40 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Жүк терминалдары автоматтандырылған жүйеге көшіп, жүктеу операцияларына кететін уақыт 30 пайызға қысқарады. Алып кемелер қысқа мерзімге аялдап, діттеген жеріне анағұрлым тез жететін болады.
Талғат Нағұман, Ақтау теңіз портының Корпоративті даму басқармасының басшысы:
Екі гидротехникалық құрылғы салынып бітті. Олар порт аумағына алып толқындар мен күшті желдің өтуіне бөгет болады.Өткен жылдан бері солтүстік бағытта теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүруде.Енді құрғақ жүктерді тиейтін айлақтардың құрылысын жүргізу үшін инвесторларды тарту шаралары жалғасып жатыр.
Портты кеңейту жұмыстарын 2015 жылы бітіру көзделіп отыр. Жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайтын құрылыс жұмыстары сапалы жүргізіліп өз мерзімінде аяқталады деп күтілуде.
Жазира ӘБІЛ