Ойланбай жасаған әрекеті орға жықты. Өткен жылы елімізде телефон-террористеріне қатысты 135 дерек тіркелген. Бейбіт күнде халықтың үрейін алып, мемлекетке орасан зор шығын келтірген бұл жандардың бәрі тиісті жазасын алды. Ішкі істер министрлігі мұндай қадамға барғандардың жазасы күшейтілгенін айтып отыр. «Бомба қойылды», «Әуежай жарылады» деп жалған ақпар таратқан жандар енді алты жылға дейін сотталады.
Шынар Асанқызы, тілші:
Бар-жоғы бес секундтық осы тәрізді бір хабарламаның өзі мемлекеттік бюджетке шамамен 500 мың теңге шығын келтіреді. Сондықтан олардың тартар жазасы да жеңіл болмақ емес. Алайда, телефон террористерінің дені қоңырау шалар алдында, өзін қылмыстық қадамға барып тұрмын деп есептемейді екен.
Александра да басында солай ойлаған. Құрбысымен ішімдікке тойып алып, көңіл көтерудің жолын іздейді. 102 нөміріне қоңырау шалып, «Студенттер емханасына жарылғыш зат қойылды» деген хабарлама жібереді. Арада жарты сағат өтпей, тәртіп сақшылары бойжеткендерді бөлмесінде отырған жерінен қолға түсірді.
Жазасын өтеуші:
Мені көп ұстамай, босатып жібереді екен деп ойладым. Түрмеге түсетіндей қылмыс жасап тұрмын деп мүлде ойлаған жоқпын, әрі полицейлер таба алмайды деп ойладым.
Мамандардың айтуынша, мұндай қадамға барған жандардың айтар сылтаулары көңілге қонбайды. Бірі ұшақтан кешігетін болған соң «әуежайда бомба бар» деп хабарлаған, бірі сабаққа дайындықсыз келгендіктен «мектеп жарылады» деп дабыл қаққан, ал тағы бірі полицейлердің жеделдігін тексермек болған. Тіпті, не үшін бұлай жасағанын түсіндіріп бере алмайтындары да бар.
Жазасын өтеуші:
Осыдан жарты жыл бұрын Тараз қаласында тойдан қайтып келе жатып мас күйімде жолда «Цесна банкке» кіріп күзетшіге қалжыңдап, қазір 15 минуттан кейін мынау банк жарылады дедім. Сосын банктен шығып дүкенге су алуға кіріп, қайта шыққанда мені арнай жасақ мамандары тергеу изоляторына алып кетті. Осы қылмысты жасағаным үшін мені 1 жыл мерзімінде бас бостандығымнан айырды.
Өткен жылы жалған лаңкестікке қатысты ақпар таратқан 100 адам қолға түсіп, 58-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 19-ы кәмелетке толмағандар, 11-і жүйке жүйесі ауруымен тіркеуде тұрғандар, 9-ы бұрын істі болған жандар, ал 3-еуі бұрын да осындай дерекпен ұсталған.
Дархан Разуев, ІІМ Криминалды полиция комитеті Экстремизммен күрес бөлімі бастығының орынбасары:
Бұл қылмыстық іс-әрекет үшін жазасы алты жылға дейін ұзартылған болатын. Сонымен бірге кейбір жағдайларда айыппұл салынады Ол 500 айлық есептік көрсеткіш - 900 мың теңгеден асады.
Телефон террористерінің әрекетіне баланың ойыны деп қарамау керек. Қазір жаза күшті. Сондықтан тәртіп сақшылары «Жалған ақпар жарға жықпасын» деп ескертеді.
Шынар АСАНҚЫЗЫ