Шағын және орта бизнесті дамыту - ХХІ ғасырдағы Қазақстанды инустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономиканың негізгі қозғаушы күші ретінде осы салаға басымдық беру туралы Елбасы өз Жолдауында айтты. Бұл кәсіпкерлердің істерін жандандырып, өндіріске жаңа технология енгізуіне жол ашқалы отыр. Петропавлдағы темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт биыл жаңа қондырғылар орнатпақ. Осының арқасында құрылыс саласына тың серпін беруге мүмкіндік туады.
Талғат Түйгінбаев темір-бетон өнімдерін шығаратын зауытта 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2000 жылдардың басында ауылдан қалаға көшіп келген жігіт осы кәсіпорынға орнықты. Өзі жұмыс істейтін зауыттың заман ағымына ілесіп жаңғырып жатқанына куә болуда.
Талғат Түйгінбаев, жұмысшы:
Қазақстанымыздың дамып жатқанын осы зауыттан көруге болады. Қаламызда жүріп жатқан құрылысқа қажетті темір-бетон бұйымдары осы зауыттан шығып жатыр. Қаншама құрылыстар, қаншама объектілер салынып жатыр.
Қазіргі күні Петропавлдағы темір-бетон өнімдерін шығаратын зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жуырда орнатылуы тиіс жаңа қондырғылар әмбебап үй тұрғызу жүйесіне жатады. Яғни, оны қолданысқа енгізген соң жылына 100-130 мың шаршы метр баспана салуға қажетті материалдарды шығаруға мүмкіндік туады.
Александр Кондратов, кәсіпкер:
Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнес біздің жалпыға ортақ еңбек қоғамының экономкалық негізі деп атап көрсетті. Бұл салада құқықтық жекеменшікті бекіту үшін кешендік шешімдер қажеттігін айтты. Шағын бизнес болашақта дамып, орта бизнеске айналуы үшін отбасылық дәстүрге айналдыру керектігі туралы айтқаны маған ерекше әсер етті. Өйткені адамдар өздерінің отбасылық дәстүрін ерекше қастерлейтіні баршаға мәлім.
Құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын бұл жобаның берері мол, дейді мамандар. Өйткені Испанияда жасалған қондырғы құрылыс жұмыстарына тың серпін берері сөзсіз. Ең бастысы - қазақстандық өнімді жаңа сапаға көтереді.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ