Ата-ана қамқорлығынсыз балалар тұрғын үймен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата-ана қамқорлығынсыз балалар тұрғын үймен қамтылады

25.01.2014
Ата-ана қамқорлығынсыз балалар тұрғын үймен қамтылады

Елбасы қарапайым адамдардың әлеуметтік жағдайы елдің алға басуының маңызды индикаторы екенін айтты. Бұған дейінгі «Қазақстан -2050» стратегиясында – баланы қорғауды, жетімдерге қамқор болуды тапсырды. Қазір Ақтөбе облысында 400-ге жуық жетім бала тәрбиеленуде. Олар алдағы үш жыл ішінде түгел отбасылық үйге көшіріледі.

 
Яғни, балалар үйі болмауы тиіс. Ал кәмелетке толғандар баспанамен қамтылмақшы. Соған орай жетім балаларды тұрғын үймен қамту бағдарламасы әзірленуде. 2016 жылға дейін 336 бала үйлі болады.
 
Медет пен жұбайы жасөспірімдер үйінде тәрбиеленді. 5 жыл бұрын облыс басшылығы оларға есепшот ашып, алғашқы жарнаға 500 мың теңгеден салып берді. Өздері де тапқандарын жиды. Жасөспірімдер үйінен шыққан соң, шағын пәтер сатып алды. Жуырда оны кеңейтіп, қоныс тойын тойлады.
 
Медет Әбдірахманов, қала тұрғыны:
Мемлекет бізге қолдау көрсетеді, жағдай жасайды. Сол мүмкіндікті әрі қарай алып кету керек. Соның арқасында қазір менің отбасым бар, баспанам бар. Жақсы өмір сүріп жатырмын.
 
Шағын да болса жеке пәтерге ие болу - балалар үйіндегі әр тәрбиеленушінің арманы. Оны іске асыру үшін алға ұмтылу қажет, дейді Алексей. Ол үй кезегінде тұрған 2000 жетім баланың бірі. Есепшотында ақшасы бар. Жасөспірімдер үйінен шықан соң отау құрмақшы. Ол үшін алдымен баспанасын сайлап алмақ.
 
Алексей Шевченко, жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі:
Есепшоттағы ақша аз да болса, алға ұмтылуға күш береді. Үй алу үшін ақшаны шашпай, жинап жүрмін. Жергілікті бюджеттен де салды. Өзімнің жеке бұрышым, өзімнің отбасым болса деймін. Сол үшін алға ұмтыламын.
 
Ақтөбедегі жасөспірімдер үйінде 62 бала тұрады. 46-сының есепшотына биыл жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге салынды. Оларды баспанамен қамту үшін 2014-16 жылдарға бағдарлама әзірленді. Кәмелетке толғандарды пәтермен қамту көзделген. Ал, жетім балалар үшін отбасылық үйлер салынбақшы.
 
Күлпаршын Айдарханова, Ақтөбе облыстық Балалар құқығын қорғау департаменті басшысы:
Үш жылда біз 10 үй салу керекпіз. 90 бала «Алға» балалар үйінен шығып, отбасылық үйлерге барып тұру керек деп жоспарлап отырмыз.
 
Алдағы 3 жылда өңірде балалар үйі болмайды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 10 бала бір шаңырақта тәрбиеленеді. Отбасылық үлгідегі үйлердің жобасы бекітілсе, жазғытұрым құрылыс та басталмақшы.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу