Бүгін Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Бас прокурор Асхат Дауылбаев осылай мәлімдеді.
Жиында белгілі болғандай, Астанаға жыл сайын ішкі көші-қон арқылы 50 мыңнан астам адам қоныс аударады. Ал ресми емес деректер бұл көрсеткіш кем дегенде екі есеге артық деп отыр.
Елорда мұншама адамды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын шеше алмайды. Жұмыс таба алмағандар, сөйтіп бас қаланың криминогендік ахуалын ауырлатып отыр. Жағдайды реттеу үшін, Бас прокурор Ішкі істер министрлігіне қылмыспен күреспен қатар, сол қылмысты болдырмау, алдын алу шараларын қолға алуды тапсырды.
Ал Білім және ғылым министрлігіне заңгер, экономистен гөрі, қажетті мамандықтарға басымдық беруді міндеттеді.
Асхат Дауылбаев, ҚР Бас прокуроры:
Елордадағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында пәтер ұрлығы көп жасалады. Ал мұнда бар-жоғы екі ғана учаскелік инспектор қызмет етіп жүр. Бұл ретте бір учаскелік инспекторға түсетін шектеулі жүктеме 2,5-3 мың адамды құрау керек болса, ондағы полицейлерге тиетіні 20 мың тұрғынға дейін жетеді. Мұнан бөлек, мәселенің көбісі- көші-қон саласында. Біздер, елордада азаматтарды тіркеу ісін тиісті деңгейде жолға қоюымыз керек.