Ақтөбеде орталықтандырылған кітапхананың қаланың әр бөлігінде және маңайдағы елді мекендерде 12 бөлімшесі жұмыс істейді. Жыл сайын кітап қоры да, қаржыландыру да артып келеді. Оқырмандардың қызығушылығы да жаман емес. Тек, арнайы ғимарат ауадай қажет.
Ақтөбедегі 12 кітапхана бейімделген үйде орналасқан. Бөлме тар, сөре тығыз. Барлығы орыс ақын-жазушыларының есімімен аталады. Қазақы атау беру туралы ұсыныс жасалған. Әзірге жарытымды жауап жоқ.
Роза Сұлтанова - Пушкин атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы. 12 жыл бойы газет-журнал шолып, әдеби кітаптар оқиды. Соңғы шыққан көркем әдеби туындыларға әуес.
Роза Сұлтанова, зейнеткер:
Мен тарихи романдарды оқып жүрмін. Қазақша кітаптарды оқуға тырысамын. Мен сияқты зейнеткерлер келеді. Соңғы кездері жастар да көп келетін болған. Кітап - білім ғана емес, жүйке жүйесіне ем.
Қорда 26 мың кітап бар. Оның 20 пайызы ғана қазақ тілінде. Соңғы кездері құрылыс, техника, ауыл шаруашылығы саласындағы қазақша әдістемелер іздейтіндер көбейген. Сөреден таппаса, ғаламтордан іздеуге мүмкіндік бар.
Наталья Болдовская, кітапхана меңгерушісі:
Соңғы екі жылда таспаға басылған электронды кітаптар келіп жатыр. Осындай 36 кітап бар. Бұл оқырманға да, кітап қорына сақтауға да ыңғайлы. Көбірек әкелсе жақсы болар еді.
Электронды кітапханада 38 мың кітап туралы ақпарат бар. Басылымдар да тіркелген. Бұл оқушылар мен студенттер үшін тиімді. Өйткені, олар түрлі туындылар сұрап, ақпарат іздейді.
Маршал атындағы кітапханадан оқушы арылған емес. 5 жастағы оқырмандары да бар. Оларды қызықтыратын түрлі-түсті, үш тілде жазылған ертегілер. Бірақ 44 мың кітаптың ішінде мұндай көрнекі әдебиет тапшы.
Ақжібек Кеншінбаева, кітапхана меңгерушісі:
Мұны балалар үйге алып, ата-аналарына көрсетіп оқығысы келеді. Бірақ бұндай кітаптар бізде аз. Сонымен бірге мынандай әуені бар кітаптар көп болса екен дейміз. Ол қазақ тілінде болса екен дейміз. Дәл осы кітаптар бір данадан ғана.
Ақтөбедегі 12 кітапхана бөлімшесінде 400 мың кітап бар. Қазақ тіліндегі салалық әдістемелер, әдебиеттер, қазақшаға аударылған классика аз. Сұранысына сай тапсырыс жіберілді.
Бұл жылы Ақтөбеде 7 миллион теңгеге кітап алынады. Қор жыл сайын толығуда. Алайда, талапқа сай ғимарат жоқ. Одан соң қазақша атау берілсе, дейді ақтөбелік кітапхана қызметкерлері.
Әлия ТАЛАСОВА