Шығысқазақстандық кеншілер наразылық акциясын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық кеншілер наразылық акциясын тоқтатты

31.01.2014
Шығысқазақстандық кеншілер наразылық акциясын тоқтатты

Шығыс Қазақстан облысындағы Артемьев кенішінің жұмысшылары наразылық шарасын тоқтатты. Кеше түнгі ауысымда жұмыс істеген 100-ден астам кенші шахтадан шықпай қойған болатын.

Оқиға орнына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Эдуард Огай 500 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, еңбек дауын көтерген жұмысшылармен қордаланған мәселелер бойынша ашық сөйлесті.
 
Кеншілер корпорация басшылығына негізгі үш талап қойған болатын. Яғни, жалақыларын көтеру, тиесілі сыйақыларын төлеу және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің жол шығынын өтеу.
 
Сыйақыға қатысты проблеманы корпорация басшысы Эдуард Огай дереу шешіп беретініне сендірді. Бұдан соң, шахтерлер жоғарыға көтеріліп, қалған мәселелер арнайы жиында талқыланды.
 
Кеніштегі жұмысшылардың мәселелерін шешу үшін екі жұмыс тобы құрылды. Біріншісі еңбекақы, вахталық жұмыстың шығындары, сыйақы және басқа да әлеуметтік мәселелерді тексереді.
 
Ал екінші жұмыс тобы еңбекті қорғау, еңбек шарттарының орындалуы, қауіпсіздік шараларымен айналысады. Бүгін Артемьев кеніші қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
 
Нұрлан Бижанов, облыс прокурорының орынбасары:
Уәкілетті органдар тексеру жүргізеді. Еңбек туралы заңнамаға және өнеркәсіптегі бақылауға байланысты тексеру жүргізіліп, нәтижесі 15 күнде ұжымға хабарланады.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу