Тағдыр тауқыметін жеңе білгендер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тағдыр тауқыметін жеңе білгендер

31.01.2014
Тағдыр тауқыметін жеңе білгендер
Елімізде жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға айрықша назар аударылып келеді. Елдегі жетістіктерге қуанушылардың бірі қызылжарлық - Руслан Далабаев.
 
Мүгедек болса да, қарап отырмай, спортпен айналысып, еңбек етіп жүрген жас жігіттің өмірге деген құштарлығы өзгелерге үлгі боларлықтай. Ол пауэрлифтингтен бірнеше дүркін әлемдік додадаларда топ жарған болатын. Осының арқасында Сочиде өтетін паралимпиада ойындарына жолдамаға да қол жеткізді.
 
Руслан Далабаев дәрігерлердің салғырттығынан 1 жастан енді асқанда мүгедек болып қалды. Соған қарамастан, бозбала кезден бастап спортпен айналысты. Бұл салада да жеткен жетістіктері аз емес. Талай додадаларда елдің намысын қорғады. Осылайша, кемтар болса да, он екі мүшесі сау замандастарына үлгі болып жүр.
 
Руслан Далабаев, спортшы:
Қазір біздің «Үміт» мүгедектер спорт клубында 200-ге тарта адам жаттығады. Барлығы да шыныққысы келеді. Ешкім де оларға кедергі келтіріп жүрген жоқ. Олардың арасында білімді, таланатты жастар өте көп. Сондықтан, Елбасымыздың Жолдауында айтқанындай, оларға жұмыс берілсе, сау адамнан кем жұмыс істемес еді. Тіпті, асып та түсетініне сенімдімін. Сондықтан, бұл - біз үшін үлкен көмек.
 
Тағдырдың тауқыметіне ұшыраса да, меселі қайтпаған жандардың бірі - Қайрат Қанафин. Ол - Сочиде өтетін паралимпиадалық ойындарға жолдама ұтып алған спортшылардың бірі. 7 жылдан бері шаңғы жарысымен, биатлонмен айналысып жүрген ол осы байрақты бәсекеге қатысу үшін барын салды.
 
Қайрат Қанафин, параолимпиадалық ойындарға қатысушы:
Өткен жылы желтоқсан айында Канадада өткен әлем кубогында нормативті орындауға 13 секунд, Финляндияда 58 секунд жетпей қалды. Сондықтан, осы жолдаманы алу үшін соңғы мүмкіндік Германияда болды. Бар күш-жігерімді салып, осы жолдамаға ие болдым. Мен үшін ендігі мақсат - үздіктер қатарынан көріну.
 
Руслан мен Қайрат ертеңгі күнге деген үкілі үміттерін қайғының қайығына мінгестірген емес. Сондықтан,  сау адамдардың тарығып, қиналғандарын түсіне алмайды. Өздерінің мүмкіндіктері шектеулі бола тұра,   күш-жігерлерін жанып, тағдырластары арасында жасындай жарқылдап жүр. 
 
«Елбасының Жолдауындағы жалынды сөздерді естіген соң, болашаққа деген сеніміміз тіптен нығая түсті», дейді. Себебі, мемлекетті әрбір азаматтың тағдыры бей-жай қалдырмайтынына олардың көздері толық жетті. 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу