Екі жастағы қыздың тамағына торт арасынан шыққан шөгір тұрып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі жастағы қыздың тамағына торт арасынан шыққан шөгір тұрып қалды

04.02.2014
Екі жастағы қыздың тамағына торт арасынан шыққан шөгір тұрып қалды
 Қарағандылық екі  жасар қыздың тамағына торт арасынан шыққан шөгір тұрып қалып, дәрігерлер өлім аузынан әрең арашалады. Енді бұл үшін шаһардағы «Южный» супермаркеті жәбір көрушіге  сот шешімімен 164 мың теңге төлейтін болды.
 
Ойын баласы тәттіні қызыға жеген. Кенет тамағын ұстап, қысыла қақалды, дейді оның әжесі Флора Ким. Бүлдіршіннің мазасы кеткен соң дәрігерге көрсетуге тура келген.
 
Мамандардың өзі тек екінші рет тексерген кезде ғана сәби жұтқыншағына көлденең тұрып қалған шөгірді байқаған. Сүйір зат әзер алынған. Бұл жайтты әжесі бастан-аяқ ұялы телефонына түсіріпті.
 
Даулы торт әлі күнге қолында. Дереу қорғаушы жалдап, супермаркетті сотқа берген. Тиісті органдар арқылы өз құқықтарын сотта қорғап шығып, сауда орны оларға 164 мың теңге төлейтін болды.
 
Флора Ким, жәбірленушінің әжесі:
Дәрігерлердің өзі шөгірді әрең алды. Баламыз қатты қиналды. Содан соң бұл жайтты бос қалдырмай сотқа бердім. Біз ғана емес талай тұтынушының есесі кетіп жатыр ғой.
 
Гүлнәр Қабиева, қорғаушы:
Жәбірленушіге келген материалдық және моральдық шығынды дәлелдеп шықтық. Содан кейін сот біздің уәжімізді қанағаттандырды. Қарсы тарап жәбірленушіге сот кескен соманы төлейді.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу