«ҚазСат-3» жерсерігі осы жылы ұшырылады. Қазір құрылғыны құрастыру мен оны сынау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы бүгін Ғарыш агенттігінің алқа отырысында айтылды. Мемлекетіміз ғарыш аппараттарын құрастырудағы отандық үлесті 10 пайыздан 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Ешкім өткен жылдың жетістіктерін жыр қылған жоқ. Былтырғы баяндалса, ескі жараның аузы ашылып, гептилдің гәбіне ұласып кетер ме еді, кім білсін?! Төраға бірден болашақ жоба-жоспарлардан бастады.
Талғат Мұсабаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
Келесі маңызды жоба - «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің құрастырылуы. Бүгінде Қазақстан мен Ресей үкіметтері бірлескен іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Сонымен қатар, 2014-2016 жылдарға арналған «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасына» қол қойылды. Алдағы жұмыстар осы құжат негізінде іске асады.
Іздеудің қажеті жоқ, «ҚазСат-2» жұмыс істеп тұр. Оның қызметін еліміздегі 11 байланыс операторы пайдаланады. Ал бұдан басқалары шетелдік жерсеріктердің қызметіне жүгінуді азайтар емес. Бірінші осы олқылық жойылуы тиіс. Алда «Байқоңыр» айлағынан «ҚазСат-3» спутнигі ұшырылмақ. Мерзімі биылғы жылдың
30-шы сәуірі.
Талғат Мұсабаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
Осы жылы бірден 3 ғарыштық аппарат ұшырылатын болады. Олардың біреуі - жасанды жер серігі, екеуі - Жерді қашықтықтан зондтау аппараты. Бұл - Егемен Қазақстанның ғарыш саласының қалыптасу жолындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жетістігі.
Алқа мәжілісіне төрағалық еткен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев агенттікке «Байқоңыр» бойынша «Жол картасының» міндеттерін мүлтіксіз орындауды тапсырды.
Өйткені, құжаттағы 26 тармақтың 24-і Қазақстанның мүддесіне арналған. Сондай-ақ, «Байқоңырды» туристік орталыққа айналдыру мәселесі де баса айтылды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Қазақта «Қолда барда алтынның қадірі жоқ», деген сөз бар. «Байқоңырдан» күнәра ұшып жатыр. Бірақ, біз оны басқа жұртпен бірге теледидардан ғана көреміз. Қандай ракета ұшып жатыр, қалай ұшыралады? Бұл көп адамды қызықтырады. Соны туризм арқылы дәріптеуге болады.
Ұлттық ғарыш агенттігінің алдында тұрған міндет көп. Ең бастысы «ҚазСат-3» жерсерігі мерзімінен кешіктірілмей ұшырылуы керек.
Досымжан ЕРМҰРАТ