Аралдың асты-үсті тұнған байлық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралдың асты-үсті тұнған байлық

08.02.2014
Аралдың асты-үсті тұнған байлық
Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Сондай-ақ, жер асты байлығын тиімді игеруіміз керек. Елбасы Жолдауында міндеттелген бұл тапсырмалар өндіріске қажетті шикізат қоры мол Қызылорда облысында іскерлікпен жүзеге асырылуда. Осының негізінде облыста кен байыту комбинатын салу көзделіп отыр.
 
Аралдың ақ құмы әлемге әйгілі. Өйткені, шыныға қажетті кварц өндірілетін шикізаттардың арасында теңіз маңы құмының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан сұраныс та жоғары. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанның зауыттары шикізатты осы жерден алады.
 
Серікжан Ноғайбаев, ЖШС директорының орынбасары:
Арал құмының артықшылығы, ешқандай байытусыз 90 пайызы өндіріске жарамды. Арал өңірінде құмның 80 жылға жететін қоры бар. Біз 16 гектар жер пайдаланып отырмыз.
 
Өндіріс көлемі артып келеді. Былтыр жылына 160 мың тонна құм өндірілсе, биыл ол 200 мың тоннаға жетеді деген жоспар бар. Мүмкіндігі мол кәсіпорынның жұмыс ауқымы үлкейген сайын жұмысшы күші де көбеюде. Бір ғана Шөміш ауылынан жиырма адам еңбекпен қамтылса, қалған жиырма төрті Арал, Қазалы аудандарының тұрғындары.
 
Қуаныш Мыңғышпанов, жұмысшы:
Квартал сайын премия беріп тұрады. Айлық жақсы. Ауылдың тұрғындары осы жерден бала-шағасына нәпақа тауып отыр. Менің мұнда келгеніме 3 жыл болды, үй алып тұрып жатырмын.  
 
Аралдың емдік шипасы мол минералды суы да жер асты байлықтарының бірі. Ақеспе ауылындағы ыстық бұлаққа еліміздің түкпір-түкпірінен келетіндер көп. Бұл жерге алғаш рет 1986 жылы шымкенттік «Геобарлау» мекемесі бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, 1200 метр тереңдіктен емдік қасиеті бар ыстық судың көзін ашты. Судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар көп. Сондай-ақ буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмайтын емдік қасиеті бар.
 
Анарбек Кеншімбаев, Қосжар ауылдық округінің әкімі:
Келушілер демалыс орнының жоқтығынан, өздері палатка құрып, емделіп қайтады. Елбасы Жолдауында жер асты байлығын тиімді пайдалануды айтты. Келешекте осыны пайдаланып, жеке кәсіпкерлер шықса, еліміздің дамуына, халқымыздың ем алуына жағдай жасаса деймін.
 
Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Бұл Елбасы Жолдауы міндеттеген тапсырманың бірі. Сондықтан да Ақеспеге инвестор тарту, халыққа минералды судың игілігін көрсету бүгінгі күні маңызды болып тұр.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу