Елбасы биылғы Жолдауында 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен толық қамту межесін белгіледі. Бұл тапсырма 2020-шы жылға дейін жүзеге асуы тиіс.
Бұл орайда «Балапан» бағдарламасының шарапаты мол болмақшы. Алматы облысында кезінде жекешеленіп кеткен ғимараттар мемлекетке қайтарылып жатыр. Осындай мекемелердің бірі - Талдықорған қаласында күрделі жөндеуден өтіп, балабақша қатарын толықтырды.
Жылқы жылына орай алғашқы болып іске қосылған бөбекжай «Құлыншақ» деп аталды. Мемлекетке қайтарылған ғимарат қалада кезекте тұрған 300 бүлдіршінге есігін айқара ашты.
Бұл балабақшада «қыликөздік» және «амблиопия» дертіне шалдыққандарға 60 орындық төрт топ ашылып отыр. Ондай бүлдіршіндермен арнайы мамандар айналысады.
Балдырғандардың мектепке барғанша сауығып кетуіне жағдай жасалып, балабақшаға қажетті құрал жабдықтармен қамтылды. Бұл Алматы облысында осындай бағытта жұмыс жасайтын алғашқы мекеме.
Айгүл Декенбаева, қала тұрғыны:
Балабақшаның ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Өйткені, біздің тілеуіміз - баланың дені сау болып өсуі, көз ақауының түзелуі.
Майгүл Омарова, Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Негізінен бүгінгі күнге барлық жекеменшікке айналып кеткен балабақшалар қайтарылды. Біз қазір жекеменшік балабақшалардың санын арттыру мәселесінде жұмыс жасап жатырмыз.
Бөбекажай сондай-ақ, 70 адамды жұмыспен қамтыды. Ғимараттың күрделі жөнделуіне 470 миллион теңге бөлінген. Жалпы биыл облыс бойынша 26 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда. Бұл 2500 бүлдіршінді балабақшамен қамтуға мүмкіндік береді.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ