Көлік логистикасының даму әлеуеті зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлік логистикасының даму әлеуеті зор

11.02.2014
Көлік логистикасының даму әлеуеті зор
     Еліміздегі көлік логистикасының дамуында Ақтау теңіз порты мен «Өзен-Түркменстан» теміржолының әлеуеті жоғары. Екеуінде де толымды тірліктер межеленген жүйемен жүзеге асып келеді.
 
Елбасы Жолдауында ерекше мән берілген нысандарды аралап шыққан Сенат депутаттары осындай байламға келді. Ең бастысы, көлік логистикасының тынысын кеңейту арқылы теңіз айдынымен және болат жолдың бойымен шетелдерге жүк тасымалдау уақыт ілгерілеген сайын ұлғая түспекші.
 
Ақтау порты арқылы өткен жылы 10 миллион тонна жүк тасымалданған. Оның 6 миллион тоннадан астамы қара алтын, қалғаны құрғақ жүктер мен металл өнімдері. Порт соңғы бір жылда 1700-ге жуық су көлігін қабылдаған.
 
Берік Уандықов, Ақтау теңіз портының президенті:
Біз бір айда жоспарды 55 пайызға артық орындадық. Мұны 12 айға көбейтсек, астық айлағының мүмкіндігі зор екенін байқауға болады. Сонда астықтың жылдық экспортын 1 миллион тоннаға жеткізуге негіз бар.
 
Теңіз портын солтүстік бағытқа қарай 40 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Онда үлкен 3 айлақ болмақшы. Жоба жүзеге асса порт қуаттылығы жылына 2,5 есеге артады. Мұндай бағдарлы болашақ су жолы ғана емес, шойын жолға да қатысты.
 
Жазира Әбіл, тілші:
«Өзен-Түркменстан» теміржолының шекарадағы ең соңғы станциясы осы - Болашақ. Шойын жол арқылы түрікмен жеріне қаңтар айының өзінде-ақ 3500 вагон жүк жөнелтілген. Жүктердің негізгі бөлігін қазақ астығы мен металл құрайды.
 
Түгел ағаның теміржолдағы еңбек өтілі - 42 жыл. Кәнігі маман стратегиялық жобаның болашағына сенеді.
 
Түгел Жайылханов, теміржолшы:
Түркменстанға пойыз жүре бастады. Күніне 3-4 пойыз. 900 шақырымға дейін транзиттік вагондар өтеді біздің үстімізден. Көп адамға жұмыс табылып жатыр. Келешегі жақсы.
 
Қазақстан өзінің географиялық орналасу жағдайын тиімді пайдалануы қажет. Осы күре жол Орталық Азия мен Қытай тауарларын Еуропаға, одан әрі Парсы шығанағына жеткізуге таптырмас бағыт. Отандық тауарлар экспорты тағы бар.
 
Сергей Қабдешов, Маңғыстау теміржол бөлімшесінің директоры:
Өткен жылдан бері 330 мың тонна жүк тасымалданды. Оның 100 мың тоннасы бидай. 2014 жылы 1 миллион тоннаға жетуі керек. Себебі, Ираннан Түркменстанға жол қосылады.
 
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Көлік логистикасын дамыту барысында, халықаралық сауда бағытында кедергілерді алып тастауға тиіспіз. Бұл Президентіміздің берген тапсырмасы. Заңға өзгерту қажет болса, біз Көлік және коммуникация министрлігімен біріге отырып, бұл мәселені қарайтын боламыз.
 
Осылайша, халық қалаулылары көлік логистикасының қарыштауына барлық жағдай жасамақшы.
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу