Шебердің қолы – ортақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шебердің қолы – ортақ

12.02.2014
Шебердің қолы – ортақ
Теміртау қаласының тұрғыны Геннадий Мокрушиннің зергерлік шеберлігіне куә болған адам таңқалмай қоймайды. Мүмкіндігі шектеулі жан бүгінде жеке кәсіп ашып, өзінің қолөнер бұйымдарын саудаға салып жатыр.
 
Сондай-ақ, зергерлік руханиятын жұртқа жете насихаттау мақсатында жергілікті мұражайлармен де тығыз байланыста жұмыс істейді.
 
Мынау кішкентай ғана құмыра - Геннадий Макрушиннің осыдан 40 жыл бұрын жасаған алғашқы авторлық бұйымы. Өзі І топтағы мүгедек болғанымен, үйде бос отыруды жат санап, жеке кәсібін ашқан.
 
 Бүгінде зергердің қолынан шыққан әшекей-бұйымдар зор сұранысқа ие. «Асқан төзім мен ыждаһаттылықты талап ететін өнерсіз өмірімді елестете алмаймын», дейді шебер.
 
Геннадий Макрушин, шебер:
Мен бала кезімнен осы өнерге қызығушылық таныттым. Кейін Оралдағы зергерлер училищесін бітірдім. Тағдырдың жазуымен қант диабетіне шалдығып, жүруден қалдым. Дегенмен, осымен жеңіле салмай, зергерлік кәсібімді жалғастырып жатқан жайым бар.
 
Макрушин шебердің қолөнер туындылары бүгінде Теміртау ғана емес, Қарағандыдағы арнайы сауда орындарында самсап тұр. Оған қызығушылық танытып, сатып алушылар да көп.
 
Құралай Ескендірова, қала тұрғыны:
Өзге ұлт өкілі болса да, қазақы нақышта жасап, қыздарымыз тағып жүрсін, деген ниеті үшін алғысымды айтамын. Мен өзім өнерге жақынмын. Қазір осы әшекейді қызыма алғалы тұрмын.
 
Теміртаулық шебер қолөнершілер көрмелеріне үнемі қатысып тұрады. Сондай-ақ, қаладағы тарихи-өлкетану мұражайына да бірнеше мәрте көмегін көрсетіпті.
 
Мәселен, ұлы Абайдың Қара сөздері жазылған кітапты оқып шығып, өз ризашылығы ретінде сыртын кереметтей етіп зерлеп қаптаған. Мұражайға сыйға тартқан мына өңіржиек пен басқа да әшекейлер төрден құтты орнын тапқан.
 
Светлана Трещева, Теміртау қалалық тарихи өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері:
Шын мәнінде, бұл адамның шеберлігіне баса мән беруіміз қажет. Қазір қатары сиреп бара жатқан көне зергерлердің бірі осы - Геннадий Макрушин. Мүгедектердің барынша қоғамға араласуына жағдай жасауымыз керек. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз елге айналуымыз керектігін Елбасы өз Жолдауында тапсырғанын білесіздер.
 
Шағын ғана шеберханасында кәсібін дөңгелетіп отырған зергердің ісін кімге болса да үлгі етерліктей. «Ең бастысы,  мен шамам келгенше елге пайдамды келтіріп жатырмын», деп қуанады.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу