Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен қамауға алынды. Облыстық Қаржы полициясының қызметкерлері алдымен оның бөлімінде жұмыс істейтін маманды ұстаған.
Ол Аягөз қаласында сауда алаңының құрылысына жер алуына көмек көрсету үшін бір азаматтан 300 мың теңге алып жатқан жерінде қолға түсті. Күдікті кінәсін толық мойындап, бұл ақшаның 200 мың теңгесі бөлім басшысына арналғанын айтқан.
Қаржы полицейлері бөлім басшысын осы ақшаны өзінің қол астындағы қызметкерінен алып жатқан жерде ұстады. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, бөлім басшысы қамауға алынды.
Берік КӨШЕРБАЕВ