Жанар-жағармайдың да нанның да бағасы қазіргі қалпында қалады. Бүгін Үкімет мүшелері Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, теңгенің айырбас бағамының өзгергеніне қарамастан, халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы өзгермейді деп сендірді.
Қазір барлық тиісті министрлік пен мекемелер азық-түлік пен басқа да тауарлар бағасының негізсіз өсіп кетпеуін бақылауды қолға алған. Ал бағаны өсірген пысықайлар қолданыстағы заңмен барынша жазаланатынын болады.
Бензин бағасы бұрынғыша қала береді. Жанар-жағармай қоры жеткілікті, яғни қазіргі баға бірінші тоқсанда өзгермейді. Бұл қолда бар қор бітсе, баға қымбаттайды деген сөз емес.
Барлық мұнай өңдеуші зауыт тоқтамай жұмыс істеп тұр. Олар өндірген өнім ішкі нарыққа жіберіледі. Енді көгілдір отын. Газ бағасы Қостанай, Оңтүстік Қазақтан, Алматы облыстары мен Алматы қаласында аздап өзгеруі мүмкін. Бұл - импортқа тәуелді өңірлер.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
Біз қазір келіссөздер жүргізудеміз. «ҚазТрансГаз» да келіссөз жүргізуде. Бұл өңірлер көрші елдермен газ алмасу операциясы арқылы газдандырылған. Қазір біздің мамандар «Лукойл» және басқа компаниямен келіссөз жүргізуге аттанып кетті. Бағаны реттеу үшін барлық жұмыстар белсенді жүруде.
Халық көп тұтынатын тағы бір тауар - ұн, яғни дастархандағы нан. Нан бағасының тек 50 пайызы бидайға байланысты. Қалғаны оны тасымалдау мен өндіруге жұмсалатын қаржы. Белгілісі қазір астық қоры жеткілікті, баға баяғыша - тоннасына 30 мың теңге.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Үкіметтен, азық-түлік корпорациясының қорынан тиісті астықты 30 мың теңгеден асырмайтындай қылып беретін механизм дайындалып қойылған. Сондықтан, 1-ші сорттағы нанның бағасы еш өзгермейді деп толық айтуға болады. Қымбаттауға ешқандай негіз болмайды.
Ал Табиғи монополияларды реттеу агенттігі теңге бағамы өзгергенімен, коммуналдық төлемдер бағасы мамырға дейін қымбаттамайды деп мәлімдеді. Агенттік төрағасының сөзінше, жылу мен электр, сумен қамту қызметтері мемлекет тарапынан реттеледі. Бұл үнемі қатаң бақылауда болады деген сөз.
Мұрат Оспанов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
Басқа да өзгерістер жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады. Барлық реттелетін комуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі Үкімет ұсынған инфляция дәлізі деңгейінде жүзеге асады.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі халық көп тұтынатын тауарлар төңірегінде алыпсатарлықпен айналысатындар «Бәсекелестік туралы» заңмен қатаң жауапқа тартылатынын айтты.
Агенттік төрағасы Ғалым Оразбақов тұрғындар мен тілшілерден, тауарлар бағасының шарықтап кетуі туралы ақпарат анықталса, агенттік сайтына хабарласуды сұрады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ