Арқыраған ақпанда Арқадан ақбөкендер Сыр бойына қарай жаппай ауып келіп жатыр. Ал, олардың ізін ала ерген аш қасқырлар мен шиебөрілер жайылымдағы малға шауып, шаруаларды шығынға батырып отыр. Жағдай тым ушығып бара жатқан соң Қызылордада жыртқыштарды жоятын арнайы жедел топ жасақталды.
Түз тағылары қаланың іргесіндегі ауылдарға да жетті. Бесарық елді мекенінің тұрғыны Сабыр ақсақал әсіресе ұсақ малға қиын болып тұрғандығын айтады. Қасқыр мен шиебөрі оларды үйірімен қырып кетуде. Сондай-ақ мұндай зауалға жайылымдағы жылқы малы да көптеп ұшырап отыр.
Сабыр Сүлейменов, Бесарық ауылының тұрғыны:
Жылқы малын қоймай жатыр қасқыр деген. Жазда болмайтын еді, қазір ауған киікпен бірге келіп жатыр-ау, келіп жатыр. Көрші ауылымызға қатты шығын келтірді. 40-тай жылқы шығын болыпты.
Осылайша өңірде жыртқыштарға тосқауыл қою қиын болып тұр. Әрі мұндай сорақы жағдай жылда қайталанады. 2012 жылы облыс бойынша 3112 қасқыр есепке алынса, соның 50-і ғана атып алынды.
Ал былтыр бірде-бір қорқау ауланған жоқ. Яғни, тендер жеңімпазы деп танылған мекеменің шамасы келмей, бөлінген қаражатты игере алмады. Сондықтан да түз жыртқыштарымен амалсыздан жеке азаматтардың өздері арпалысуда.
Мұрат Маханов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жедел бөлімінің аға маманы:
Қазір қасқырды ату да оңай емес қой. Оған оқ керек, бензин керек, көлік керек. Қар болса қалың. Сондықтан проблемалар үлкен, 10 мың теңгеге қасқыр атпайды. Шығынды көтермейді.
Осылайша жартымсыз қаржыға бола қасқыр атуға ешкім белсенділік танытпайтын көрінеді. Оның үстіне биылғы тендер болса әлі өткен жоқ. Ал қораға ентелеп кірген қасқыр төрт түліктің түгін қоятын емес. Сондықтан да арнайы басқарма жедел жасақ құруға мәжбүр болды. Ал әзірге олардың тындырып жатқаны шамалы болып тұр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ