Алматы облысының әкімі есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының әкімі есеп берді

19.02.2014
Алматы облысының әкімі есеп берді

Алматы облысының 2013 жылғы ішкі жалпы өнім көлемі 1 триллион 468 миллиард теңгені құрап, нақты өсім 6 пайызға жетті. Бүгін облыс әкімі Аңсар Мұсаханов тұрғындар алдында есеп берді.

 
Облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Роза Ақжарқынова аймақ басшының халық алдындағы есебіне қоғамдық көлікпен келді. Жай көлік емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватаксиден түсті. Өңірде осындай 19 көлік қызмет ететін болды. Кембағал деп қоғамнан алшақтатпау - Елбасының арнайы тапсырмасы. Оларды жұмыспен қамту өз алдына бөлек саясат, ал ел қатарлы жүріп-тұруы - адамгершілік қағидаттары.
 
Роза Ақжарқынова, «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
Үкімет тарапынан да, облыс басшылығы тарапынан да өте көп жеңілдіктер жасалып жатыр. Соған орай, біздің балалар жұмыс істейді деген ойдамын. Оның ішінде 3-4 бала жоғары білім алып отыр. Олар қоларбада отырған балалар.
 
Өңірге былтыр 431 миллиард теңге инвестиция тартылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 10 жоба жүзеге асты.
 
Ірілері - Жаркент крахмал-сірне зауыты, Сарқан су электр станциясы. Келер жылы Талдықорғанға көгілдір отын жетеді. Алматы-Талдықорған арасын жалғайтын тасжол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алып қаламен әуе және теміржол қатынасы да бір жүйеге келді. Ауылдағы қылмысты азайту үшін де нақты жұмыстар қолға алынбақ.
 
Аңсар Мұсаханов, Алматы облысының әкімі:
Биылғы жылы 218 тірек пункті мен оның жанында учаскелік үй жергілікті бюджеттен халық игілігіне салынады.
 
Әлеуметтік саланың да әлеуеті артуда. Есептік кезеңде 18 мектеп, 8 балабақша, 13 емдеу мекемесі ашылды. Талдықорғанда баспана құрылысы қарқын алды. Ел ертеңі жастарға қолдау ерекше. Оқушылар мен студенттер қоғамдық көлікте тегін жүреді. 400-ге жуық студент әкім грантымен білім алуда.
 
Самат Сүлейменов, Алматы облыстық «Жасыл ел» жасағының жетекшісі:
Ендігі кезде біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Елбасының айтқан «Мәңгілік ел»  идеясына жету үшін ерінбей еңбек етуіміз қажет, деп ойлаймын.
 
Жылдық жұмыс қортындыланғанымен, алда атқарылар іс көп. Басты назар баға тұрақтылығы. Ол үшін дәстүрлі ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелерін тоқтатпау қажет.
 
Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік үзілмеу керек. Ал бірлігі бекем, тірлігі ерен жетісулықтар еселі еңбегімен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға әркез дайын.
 
ҚуанышҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу