Жаңақорғанда қауіп сейілер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорғанда қауіп сейілер емес

25.02.2014
Жаңақорғанда қауіп сейілер емес
 
Қызылорда өңіріндегі Жаңақорған ауданының орталығынан бөлек Бірлік ауылын да су шайып кетуі мүмкін. Таудан аққан су елді мекен тұсындағы Ақүйік өзеніне құйып жатыр. «Ал тауда әлі де ери қоймаған мұз көп»,- дейді мамандар. Сондықтан да бүгін қатып тұрған мұз ертең күн қайта жылынса, күрт еріп тасқын суға айналуы әбден мүмкін екенін ешкімде жоққа шығармайды.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Дәл қазір термометр көрсеткіші -6-ны көрсетіп тұр. Күні кеше сарқырап аққан судың ортасында қалған үйлер енді мұз астында қалған. Әрбір есіктің аузында қара құлып. Яғни, тұрғындар жеке бастың амандығы үшін ағайын-туысты паналап кеткен.
 
Алдын ала мәлімет бойынша, қарғын судан зақымданған үй саны 50-ге жетті. Соның бірі - Жәнібек Тоқбатыровтың баспанасы. Былтыр ғана қарызданып-қауғаланып салған тұрғын жайының қабырғасына сызат түсіп, іргетасы мүжіліп қалды. Отбасын қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді, енді өзі үйін сырттай бақылап жүр. 
 
Жәнібек Тоқбатыров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Мұндай болады деп еш ойлаған жоқпыз. Су іргетастың жартысына дейін көтерілді. Тұруға мүмкіншілік жоқ. Құдығымды қара, құдықтан су ішетін едік, онан да іше алмай жатырмыз.
 
Ал Жамаладин қарияның мал қорасы құлап қалды. Төрт-түлікті күнкөріс көзі етіп отырған оның отбасы үшін бұл айтарлықтай шығын. Бірақ, мал -жанның аман қалғанына шүкіршілік етеді. 
 
Жамаладин Әбілбашаров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Алдымен үйдегі бала-шағаны шығардым. Одан қайтып айналып келіп малым бар еді, малымды шығардым. Төрт-түлікті  жолдың арғы бетіндегі көршінің қорасына байладым. Аулада су кіргізбеу әрекеттерін жасап көрдік. Бірақ таудан келген су бой бере ме? Мынау, көргендеріңіздей. Қопарылып, жарылып кетті, қолдан ештеңе келмеді.
 
Дәл қазір жағдай біршама тұрақталды. Бірақ, синоптиктер бірер күнде ауа-райы қайта жылынады деп болжам айтуда. Сондықтан да қауіп еңсерілді деу   ертерек. Әсіресе, тау жақтағы елді мекендерге төнер қауіп жоғары. Өйткені, тауда әлі ерімеген қар мен мұз көп.
 
Әбдімәулен Сабырханов, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
Бірлік ауылының тұсынан көп су келуі мүмкін. Соған жұмыс істеп жатырмыз. Аудан әкімі жанында көші-қон комиссиясы бар, сол арқылы құтқару және қабылдау пункттері жұмыс істейді. Мектептер, колледждер барлығы дайындыққа келтірілген.
  
Тасқын суға төтеп беру оңай емес әрине. Ауданның барлық күш-құрылымдары жоғары деңгейдегі сақтық шараларын жасап жатыр. Ал ауданның 78 мың халқы жанды шүберекке түйіп отыр. Мал-мүліктің орны толар, ең бастысы - амандық дейді олар.
 
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу