Жол қатынасы қиындап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол қатынасы қиындап тұр

25.02.2014
Жол қатынасы қиындап тұр
Қостанай облысындағы Наурызым ауданына қарасты Мереке аулынан береке кетті. Елді -мекеннің сыртқы елмен қатынасы үзілгеніне бірнеше күн болды. Себебі жолды қалың қар басқан. Оны тазалауға қолда бар техниканың шамасы жетпейді. Осылайша сырттағылар үйлеріне жете алмай, ауылдағылар ешқайда кете алмай қамалып отыр. 
 
Төрехан Шаяхметов Әулиекөл кентінен сатып алған сүтті тұқымды екі сиырын жүк көлігіне тиеп, 21-ші ақпан күні жолға шыққан. Негізгі жолдан ауылға бұрылатын тұста оларға қар аршығыш техника мен тағы да екі жеңіл көлік қосылды. Бірақ мерекеліктер ауылдарына жете алмады. Жолаушылардың шақыруымен жеткен құтқарушылар алып шықты. Ал барлық техника мен шаруаның қыруар қаржыға сатып алған екі сиыры далада қалды.
 
Төрехан Шаяхметов, Мереке ауылының тұрғыны:
Үстіне жабу жауып кеттік. Көрпе, киіз, бәрін соған жаптық.
 
Биыл Наурызым ауданында жолдарды тазалауға 3 миллион теңге бөлінген. Сондықтан қаржы жағы жеткілікті. Бірақ жиі соққан боранның кесірінен барлық бағыттағы қозғалысты тұрақты қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр.
 
Еркін Айсағалиев, Наурызым ауданы әкімінің орынбасары:
Шилі ауылында жол жоқ. Қожа ауылында болмай тұр жол. Күнде шығады жол тазартатын тракторлар, бірақ келесі күні боран соғып, тағы қар басып қалады.
 
Ернар Омар, шаруа қожалығының жетекшісі:
Өзіміздің қолда бар техниканың күші жетпейді. Жолды арнайы техникамен ашу керек. Осы мәселені тездетіп шешу керек.
 
Шаруа қыс бойы қар аршуға механизаторлар еңбегі мен қосалқы бөлшекке кеткен шығынды есептемегенде 1,5 тонна жанармай жұмсағанын айтады. Бүгін Дәмді ауылынан көмекке келген шынжыр табанды трактор жолды тазалауға әрекеттенуде. Бірақ жұмыс өнетін емес.  
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мереке ауылының сыртқы елмен қатынасы үзілгеніне бүгін үшінші күн. Арқаның сарышұнақ аязы қарды сірестіріп тастаған. Оны бұзып жолды аршуға ауыр техниканың да шамасы жетпей жатыр.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу