«Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», дегенді дана халқымыз текке айтпаған. Семей өңіріндегі Абай ауданында татулықтың тамаша үлгісін көрсетіп, ел-жұртқа өнеге болған үш абысын тұрады.
Әулеттің атағын әуелетіп, дәулетін кемерінен асырған келіндер бірлесіп бизнес ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аудан орталығында бос тұрған қосқабатты ғимаратты қалпына келтіріп, шаштараз бен тігін цехын іске қосқан. Қазір бастаған бизнестері тәп-тәуір ширап, табысқа кенеліп отыр.
Осыған дейін ауылда жұмыссыз отырған үш абысынның еңбекке араласуына «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы себеп болған. Ақылдаса келе несие алып, оны дұрыс ұқсатқандықтың арқасында несібесін көріп отыр. Бір жыл бұрын шаштаразды іске қосса, араға біраз уақыт салып, тігін шеберханасын ашты.
Маруа Мұқалиева, тігінші:
Бір-бірімізбен ақылдасып отырып, осы шешімге келдік. Татумыз, ақылшымыз.
Тігін цехында жеңілдетілген несие арқылы түгелдей жаңа құралдар алынған. Сақадай-сай жұмыс орнында қазір абысындардың үлкені жұмыс істейді. Дидар мен Құралай болса шаштаразда. Біраз жыл мамандықтары бойынша жұмыс таппағандықтан, арнайы курс оқып, сән салонын іске қосқан.
Дидар Түтнәбиева, шаштараз:
Ақылдасып екі абысын шаштараз аштық. Үшінші абысынымыз қосылып, тігін цехын ашты. Тұрақты тұтынушыларымыз бар.
Құралай Сайлаубекова, шаштараз:
Семейде бір жылға жуық уақыт оқыдық. Жан-жақты жұмыс істеп, халықтың көңілінен шығуға тырысып жатырмыз.
Қазір абысындар ашқан сән салоны мен тігін цехы адам аяғы саябырсымайтын қызмет көрсету орталығына айналды.
Қаһарман Тайтөлеуов, Қарауыл ауылының тұрғыны:
Мұндай игі шараның іске асқаны бізге де жақсы болды. Бұрын Семейге барып шаш алдыратынбыз. Қазір өзімізде болғанына қуанамыз. Енді жиі келіп тұрамыз.
Тату келіндер істерін ширатып, кәсіпкерлікті кеңейте түспек. Бизнестері өркендесе, жұмыссыз жүрген өзге ауылдастарының да еңбекке араласуына қолдан келгенше қолғабыс етеміз, деп отыр.
Ержан ЖАҚЫП