Атырауда су тасқынына қарсы «Көктем-2014» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шара кезінде жергілікті құтқарушылар мен азаматтық қорғаныс жасақтарының көктемгі су тасқынына дайындығы пысықталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Жайық өзенінің және Каспий теңізінің маңында орналасқан елді мекендерге баса назар аударды. Мамандар су басып қалған аймақтардан зардап шеккендерді жедел түрде құтқаруға және оларды қауіпсіз жерге көшіруге жаттықты.
Шараға 55 техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылды. Бұған қоса, оқу-жаттығуға ресейлік құтқарушылар да қатысты. Олар төтенше жағдай болса, алдын-алу жұмыстарын бірлесіп жүргізуге ниетті.
Жалпы, Атырау облысында көктем мезгілінде су тасқының зардаптарын жою үшін 4 мыңға жуық жеке құрам және 472 техника сақадай сай тұр.
Жеңісбек Бекарыстанов, ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:
Сәуір айының басында нақты хабарламаларды бізге Ресей Федерациясынан беретін болады. Кей елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін деген болжам бар.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ