«Адамның қалыптасуы - анасының берген тәрбиесіне байланысты. Менің де өмірде жеткен жетістіктерімнің бәрінің бастауында - анамның тәлім-тәрбиесі тұр». Социалистік Еңбек Ері - Кәмшат Дөненбаева осылай дейді. Бүгінде немере-шөбере сүйіп, әже атанған еңбек майталманы үшін әйелдер мерекесінің орны ерекше. Себебі бұл тіршіліктің тірегі - аналарға айрықша ілтипат-құрмет көрсетілер күн.
17 жасында тұрмысқа шыққан Кәмшат, тракторға отырғанда небәрі 19-да болатын. Үйінде сәбиі, екі бірдей енесі мен атасы бар еді. Отбасының бітпейтін тірлігі мен түздің жұмысын қатар алып жүру жас келіншекке оңайға соққан жоқ. Алайда анасының берген тәлімінің арқасында үйінде ибалы келін, алқапта озат механизатор атанды.
Кәмшат Дөненбаева, Социалистік Еңбек Ері:
Әуелі тәрбие отбасынан. Анамның берген тәрбиесі шығар деймін. Ол кісінің айтқан сөзі, ісі көз алдымда. Әрқашанда мен оны жадымнан шығрармаймын.
Кешегі көркем келіншек Кәмшат бүгінде ақ жаулықты абыз әже. Кенже баласының қолында, кішкентай немерелерінің қылығын қызықтап, бақытты тірлік кешіп жатқан жайы бар. Еңбегімен елдің алғысына бөленген ол, қазақ келініне тән болмысымен ата-енесінің ақ батасын алған жан. Осы қасиетті дәстүрдің бүгін де үзілмегенін қалайды. Қазіргі кезде қайсыбір жастардың үйлене салысымен ата-енеден іргесін бөлуі оғаш көрінеді.
Кәмшат Дөненбаева, Социалистік Еңбек Ері:
Меніңше, келін болғасын, бірге тұрған жөн деп ойлаймын. Әженің әңгімесін естіп, тәрбиесін көріп, маңдайынан сипағанның өзі немереге өте жақсы тәрбие деп есептеймін.
Қай мерекеде де Кәмшат апаны арнайы құттықтаушылар көп. Сый-құрметтен кенде болмаса да, мұндайда елдің риясыз ықылас-пейіліне марқаяды.
Кәмшат Дөненбаева, Социалистік Еңбек Ері:
Барша азаматтар, азаматшалар құттықтап жатады, келіп жатады. Тәуба, рахмет. Еліме, жұртыма, ұмытпағанына. Еңбекті қадірлегенінің арқасы шығар.
Егемен елдің ертеңі жарқын болуы үшін жас ұрпақ жақсыны үлгі тұтып өсуі тиіс. Қазақтың Кәмшатының ендігі тілегі - осы.
Дәуренбек ӘБДІБЕК