Ана мен бала - қоғам байлығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ана мен бала - қоғам байлығы

08.03.2014
Ана мен бала - қоғам байлығы

Игерілмеген мемлекет қаражаты көпбалалы аналарға жәрдемақы ретінде төленуі тиіс. Халық қалаулылары осындай мәселе көтеруде. Айтуларынша, жыл сайын шамамен 40 миллиард теңгедей бюджет қаржысы кәдеге жаратылмай қалады. Ал, бұл соммамен көп балалы отбасының бүкіл коммуналдық қызметін жабуға болады екен.

 
Мемлекет 2006 жылдан бастап аналарға бала тууына байланысты арнайы жәрдемақы тағайындап келеді. Осы сегіз жыл ішінде жәрдемақы төлеу жүйесінде қандай жаңалықтар болды? Әлеуметтік төлемге аналардың көңілі тола ма?
 
Айнұр Қарамендиева таяуда үшінші баласын дүниеге әкелді. Мемлекет қамқорлығының арқасында алтын құрсақ аналардың саны артты дейді. Дәл бүгінгі күні елімізде 400 мыңдай келіншек бала тууына байланысты жәрдемақы алып отыр. Оның жартысынан көбі Айнұр секілді бала күтіміне байланысты табысынан айырылғандар. Әлеуметтік төлем тек бір жылға дейін беріледі. Сондықтан, жас ананың жәрдемақы төлеу мерзімі ұзартылса деген тілегі бар.
 
Айнұр Қарамендиева, қала тұрғыны:
Бір жылға дейін төленеді бір жылдан кейін біз жұмысқа шығуымыз керек. Ал балабақшаның кезегі келмейді. Сол үшін үш жылға дейін төлесе өте дұрыс болатын еді. Өйткені ана баласына қарайды тәрбиесімен айналысады.
 
Бұл мәселе Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбековті де алаңдатады. Ол балалы аналарға берілетін біржолғы жәрдемақыны екі есеге арттырып, ай сайынғы төлемді бала 3 жасқа толғанша ұзарту керек дейді. Бұдан бөлек, коммуналдық төлемдерге де жеңілдік берген жөн деп санайды.
 
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Неге 1-2-3 баласы бар адамдарға 30 пайыз жеңілдік жасамасқа. екінші ол 4-5-6 бала туатын болса көп балалы боп саналады. Оған 50 пайызға тұрғын үй шаруашылық қызметін азайтпасқа? Жеті бала дегеніңіз ол алтын алқаның иегері батыр ана деп саналады. Оны неге 100 пайыз осындай тарифтен босатпасқа.
 
Халық қалаулысы бұл көрші елдердің тәжірибесінде бар нәрсе дейді. Мәселен, біздегі бір жолғы жәрдемақы 55-90 мың теңге аралығында. Ал, Ресейде 3 мың доллар, Беларусь Республикасында мың-мың жарым, Украинада 3 жарым мың доллар. 
 
Ал, ай сайынғы төлем Ресейде бала бір жарым жасқа, Беларусь пен Украинада 3 жасқа толғанша төленеді. Біздің сала мамандары аналарды қолдау барынша күшейтіліп жатқанын айтады. Биылдан бастап мемлекет бала күтімімен үйде отырған әйелдердің зейнетақы қорына оның айлық табысының он пайызын аударып отырады.
 
Зейнұр Дүйсенбаева, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Әлеуметтік сақтандыру департаменті директоры: 
Яғни, жұмыс істейтін бала күтімімен демалыста отырған аналарға бұл қаржы тиісті жәрдемақысына қосымша олардың зейнетақы қорына ай сайын аударылып отырады.
 
Бірақ, бұл жұмыс істейтін әйелдерге ғана төленеді. Ал, үй шаруасындағы аналар тұңғыш баласына 10 мыңдай, екінші баласына 12 мың, үшінші баласына 15 742 теңге алумен ғана шектелмек. Дәл қазіргі күні елімізде мұндай 185 мың ана бар. Демек, олар ай сайын алатын 10-15 мың теңгесін қанағат ете тұруына тура келеді.
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу