Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке үшауысымды және ғимараты апатты деп табылған мектептерді түбегейлі жоюды тапсырды. Бұл тірлікті жылдам қолға алған аймақтардың бірі - Жамбыл облысындағы Шу ауданы.
Олар биыл ескі әрі қауіп тудырып тұрған білім ұяларының барлығын жоюды көздеп отыр. Апатты мектептердің орнына жаңасын салу үшін жергілікті және мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлінді.
Бәйдібек ауылындағы балалар оқып жатқан мына ғимарат осыдан 60 жыл бұрын салынған. Бастапқыда жатақхана ретінде тұрғызылғандықтан мектептің ыңғайына сай емес. Сынып бөлмелері тар. Зертханалық жұмыстар жүргізетін кейбір пәндерді өз деңгейінде оқытуға мүмкіндік жоқ.
Атабек Тұрмағанбетов, мектеп директоры:
Химия, физика кабинеттерінде керекті құралдар және спорт зал жоқ. Еңбек кабинеті сырттағы кішкентай ғимаратта орналасқан.
Қыс кезінде мектепті жылыту да азап. Қабырғасы қамыс пен ағаштан соғылған. Жылу сақталмайды.
Ғалым Үркімбаев, мектеп директорының шарушалық істері бойынша орынбасары:
Жылына бір маусымда 85 тонна көмір жағамыз. Қабырғасы жұқа, 20 сантиметр ғана. Ауа райының суығында одан да көп кетіп қалады. Батыс жақ терезесінің барлығын целлофанмен жауып қоямыз.
Бәйдібек ауылының балалары енді бұл қиындықтан құтылғалы отыр. Олар оқу жылының соңғы тоқсанын жаңа мектепте бастайды. 150 орынға лайықталған білім ұясының құрылысы аяқталған. Құрал-жабдығын әкеліп, орнатып жатыр.
Сауытбек ауылында да ескі мектептің орнына жаңасы салынып, құрылысы бітуге таяп қалды. Жалпы, Шу ауданында осы екеуін қосқанда апатты жағдайда тұрған мектептің саны бесеу болатын.
Ербол Айманбетов, Шу ауданы әкімінің орынбасары:
Қалған үш мектептің құрылысы осы жылы басталады. Тиісті құжаттары жасалып, қаржыландыру көзі шешілген. Осымен біз 5 апатты мектептің жағдайын толығымен шешеміз.
Апатты деп табылған бұл мектептерде 1400-ге жуық бала білім алады. Ескінің орнына заманға лайық сәулетті білім ордаларының салынуы шәкірттерді оқуға ынталандырып, ізденісін арттыра түспек.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ