Шымкенттік өнертапқыш дәнекерлеу құрылғысын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік өнертапқыш дәнекерлеу құрылғысын ойлап тапты

11.03.2014
Шымкенттік өнертапқыш дәнекерлеу құрылғысын ойлап тапты
Шымкенттік өнертапқыш карбид пен оттегі қышқылын қажет етпейтін дәнекерлеу құрылғысын ойлап тапты. Онымен темірден түйін түйетін болсаңыз тәулігіне 100 грамм жанар-жағармай мен 2 литр су жеткілікті.
 
Қалауын тапсаң - қар жанар. Жаңа технологияға иек артқан өнертапқыш қара судың өзін қажетіне жаратыпты. Ол ойлап тапқан құрылғы дәнекерлеу ісінде оттегі қышқылы мен карбидтің орнына қолданылады. Бұл құрал экологиялық жағынан таза және жарылу қаупінің төмендігімен ерекшеленеді. Шығын 50 пайызға қысқарды, дейді мамандар.   
 
Хуррият Ирисметов, өнертапқыш:
Бұл аппарат сумен істейді, шығын жоқ. Сынақтан өткен, ақау жоқ. 100 грамм бензин мен 2 литр су керек.
 
Хуррияттың қиялынан шыққан сумен жанатын құрылғыны көлікке орнатып 40 пайыз жанармай үнемдеуге болады. Суды газға айналдырып, түтінді бойына сіңіріп алатын құрылғыға бірнеше қоғамдық көлік компаниясының басшылары қызығушылық танытып отыр.  
 
Нурилда Сүндетияев,  ЖШС басшысы:
Қала таза болғаны бәрімізге де жақсы. Мотордың істеуі жақсы болады.
 
Бұл құрылғыны жасау үшін өнертапқыш екі жылын сарп етті. Ендігі мақсат - қолданыс аясын кеңейтіп, техникалық қызмет көрсетуді қолжетімді ету.
 
Ұлттық зияткерлік меншік институтының мамандары да қондырғыны патенттеуге қол ұшын созбақ. Бұл технология жаппай қолданысқа енгізілсе, еліміздің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық ахуалына оң ықпал етері сөзсіз.        
 
 
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

Хабарламаларға жазылу