Мамандығын мақтан тұтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандығын мақтан тұтады

12.03.2014
Мамандығын мақтан тұтады
Қызылордалық Ниякүл Дәулетбаеваның мамандығы - дәнекерлеуші. Таңқалуыңыз мүмкін. Бірақ, бұл рас. Келіншектің осы кәсіптің нанын жеп жүргеніне биыл - 30 жыл. Өкінбейді, қайта керісінше Ниякүл өз мамандығымен мақтанады.
 
Әрбір әйел жұмысқа келе салысымен айнаға қарап, шашын түзеп, бет-әлпетіне қарайтын болса, Ниякүлге бұл әдет тән емес. Өйткені, оның мамандығы сәнденуді көтермейді.
 
Айналасы темір-терсек, тікелей жұмысы сол темірлерді бір-бірімен от арқылы қиюластыру. Әдетте бұл кәсіпті ер-азаматтар меңгереді. Бірақ, Ниякүл - қалыптасқан бұл пікірді түбірімен өзгерткен әйелдердің бірі. 
 
Ниякүл Дәулетбаева, дәнекерлеуші:
Осы мамандықты өзім таңдап келдім. Әке-шешем қолдаған жоқ. Қыз балаға тән емес, деді. Бірақ, мен де қорқыныш болған жоқ.
 
Батыл да қайсар, ауыр жұмыспен бетпе-бет келуден қаймықпаған ержүрек қыздың еңбек жолы осылайша басталды. Студент кезінде таңдаған мамандықтың үздігі атанған ол оқу бітіріп, кәсіп иесі атанған соң да абырой биігінен көріне білді.
 
Ауыр деген жоқ, қара темірді бір-бірімен дәнекерлеп келеді және бұл істі жастарға үйретуде. Ниякүл шәкірттерінің арасынан Ғазизаны ерекше жақын тұтады. Өйткені, өзі секілді бұл қыз да қайратты мінезімен ауыр мамандықты игеріп әкетті.
 
Қазір Ғазиза еліміз аумағында жүріп жатқан Сарыбұлақ-Майқапшағай, Қазақстан-Қытай халықаралық газ құбырларының құрылысына аталысуда. Яғни, Ғазиза ұстазының үкілеген үмітін заңғар көкке көтеріп әкетті.  
 
Ғазиза Рысқұлова, дәнекерлеуші:
Жұмыспен қоса отбасымды да алып келе жатырмын. Ұлды да тәрбиелеп отырмын. Мен дәнекерлеуші мамандығын алғаныма еш өкінбеймін.
 
Сүйіп істеген кәсіптің жемісі тәтті. Сыр бойының өжет қыздары Ниякүл мен Ғазиза жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарынан ләззат алады.
 
Жұмысты ер адамдарша істегенмен, олар үйде, отбасында ардақты ана, сүйікті жар, бірі - бақытты әже. Ең бастысы - әйел бақытын сезініп отырған жандар.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу