Алматы базарларының өртенуіне қатысты сот ісі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы базарларының өртенуіне қатысты сот ісі басталды

13.03.2014
Алматы базарларының өртенуіне қатысты сот ісі басталды
Алматыда «Аян», «Олжа», «Керемет» базарларының өртенуіне қатысты сот ісі басталды. Процеске Жетісу аудандық сотының судьясы Гүлнар Мүсірепова төрелік етуде.
 
Естеріңізде болса, өрт өткен жылдың қыркүйек айында болған. Лапылдаған жалын 5,400 шаршы метрге жайылып, 294 бутиктің күлін көкке ұшырды.
 
Жарты тәулік бойы жанған отты өшіруге 1500-ден астам өрт сөндіруші, жүздеген техника, тіпті тікұшақтар да жұмылдырылды. Тергеу амалдарының нәтижесінде өрттің тұтануына қатысы бар деген күдікпен «Құлагер» базарының директоры Алдабергенов пен «Олжа» базарынан жалға орын алған кәсіпкер Хайранов жауапқа тартылды.
 
Оларға «Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» және «Отпен абайсыз жұмыс iстеу салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан бөтен адамның мүлкін жою немесе бүлдіру» бабы бойынша айып тағылып отыр.
 
Сондай-ақ, қос айыпталушының үстінен өртенген базарлардың 13 қызметкері шағым түсірді. Жәбірленушілердің сөзіне сүйенсек, қыркүйектің басында базардың әкімшілігі әрбірінен өрт қауіпсіздігіне деп 30 мың теңгеден жинаған.
 
 Алайда, өрт кезінде ешқандай дабылқаққыш желілері іске қосылмаған, су қоймалары бос болған. Қазір табыс көзінен айырылған кәсіпкерлер өрттен келген шығынды санап, куәгерлер сотта жауап беруде. Егер Алдабергенов пен Хайрановт кінәсі дәлелденсе, 5-7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.
 
Қайырболат Егеубаев, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:
Бұл айыпты біз жартылай мойындаймыз. Жәбірленуші Бахтиярова қарама-қарсы арыз жазған. Сол арыз бойынша Хайрановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бірақ бұл істі ары қарай жалғастырған, себебі, 13 адам базар басшыларына арыз жазған. Бірақ оның кінәсі әлі дәлелденген жоқ.
 
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу