Ұштаған ауылының құм астында қалу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұштаған ауылының құм астында қалу қаупі бар

13.03.2014
Ұштаған ауылының құм астында қалу қаупі бар
Маңғыстау облысының Ұштаған ауылына құм астында қалу қаупі төніп тұр. Ауыл шетін сусыма шағыл басып келе жатқандықтан, тұрғындар орталыққа қарай көше бастады. Мамандар құмға өсімдіктер егу арқылы оның алдын алуға болатынын дәлелдеді. Бірақ, іс мардымсыз жүруде.
 
Бұл ұзындығы - 60, ал ені - 7 шақырым болатын Бостан құмы. Ауыл іргесіндегі құм Ұштағанға қарай соңғы 50 жылда 600 метр жылжыпты. Басты себеп- жер асты суының азаюы.
 
Бұл арадан Жаңаөзен қаласы мен аудан орталықтарына 29 бұрғы тұщы су айдап жатыр. Кезінде атты кісі көрінбейтін жүзген мен сексеуіл нуы су қорынан алшақ қалып, қурап кетті. Содан жал-жал құмдар жалаңаштанып қалған. Енді шағыл ауыл шетін басып келеді.
 
Наурыз Өтепбаев, ауыл тұрғыны:
Біздің тұрған жерімізден солтүстікке қарай бұрын үйлер болды. Құм емес, тақыр жер еді. Қазір бәрін құм басып кетті.
 
Махамбет Бекмурзин, ауыл тұрғыны:
Халық жайлап биікке көше бастады. Мына үйлер ойдан келген. Оның ауылға экологиялық әсері болуы мүмкін деген қорқынышымыз бар.
 
Мамандар 2008 жылдан бері құмға өсімдік егу шараларын бастады. Бірақ, көгал құмның 100-ден 5 бөлігіне ғана егілген. Ал, 200 шаршы шақырым жер ашық жатыр. Аса жылдамдықпен көшіп келе жатқан шағылды тоқтатуға бұл өте аз көрсеткіш, дейді мамандар.
 
Қазір Алматыдағы жағрапия институтының ғалымдары бұл аймаққа сексеуіл мен жүзгеннің тезірек тамыр жаюына септігін тигізетін әдістерді зерттей бастады.
 
Айнұр Шакирова, Ә. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының қызметкері:
Біздің препаратымыздың аты - супергумат. Ол табиғи. Бастапқы шикізаты қоңыр көмір. Өсімдіктердің тезірек тамыр алуын жақсартады. Сонда өсімдік ауа райының қолайсыз жағдайына төзімді болып келеді.
 
Тыңайтқыштардың әртүрлі пайыздық ерітінділері құйылған өсімдіктер питомникте өсіріліп жатыр. Көп ұзамай оларды ашық құмға егу басталады.
Көк желек тамырларымен құмды байлап, оның жылжуына тосқауыл болады. Бірақ, оған көптеген жыл қажет. Ол уақытқа дейін ауылды құм басып қала ма, деп алаңдайды тұрғындар.        
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу