Қазақ жерінде құлан мен қарақұйрық көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жерінде құлан мен қарақұйрық көбейіп келеді

14.03.2014
Қазақ жерінде құлан мен қарақұйрық көбейіп келеді
Жер бетіндегі құлан атаулының 98 пайызы қазақ жерінде. Ал желмен жарысқан қарақұйрық пен тау-тастың ұшар басын қиялай өрмелейтін арқардың да басым бөлігі Жетісу жерінде.
 
Дәлірек айтсақ, «Алтын Емел» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде. Бұл жануарлардың барлығы Қызыл кітапқа енген.  Сондықтан, жыл сайын қар көбесі сөгілісімен жабайы жануарлардың санағы жүргізіледі.
 
Қызыл кітапқа енген аша тұяқтылардың санын білу үшін санақшылар алдымен Басши ауылындағы «Алтын Емел» қорығының бас ғимаратында бас қосты.
 
Араларында зоология институты, ғылыми орталық, аймақтық инспекция өкілдері мен ұлттық парк қызметкерлері бар. Топ 6 автокөлікке бөлініп, Матай, Үлкен-кіші Қалқан тауларының етегіндегі көлемі 200 шақырымдық алқапты бетке алды. Байланыс құралымен әр топ өз нысанындағы жануарлар санын орталыққа жеткізіп отырды.
 
«Алтын Емел» Мемлекеттік Ұлттық табиғи саябағының жалпы көлемі - 1 миллион 300 гектар. Оның 503 мың гектары - Бақанас төңірегінде болса, қалған негізгі аймағы - Жоңғар-Алатау сілемдерінің етегінде. Мұнда ірі омыртқалылардың 10-нан аса түрі кездеседі. Бүгінде тұқымы түгесілген ақбөкен мен таутеке де осы аймақта.
 
Мысалы, Барсакелместен 80-ші жылдары 22 бас әкелінген құланның тұқымы былтыр 2600 болса, биыл 2854 басқа жеткен. Қарақұйрық өткен жылы 3990-ды құраса,  биылғы санақ бойынша 4244-ке жетті. Арқар -158 болса, сирек кездесетін Пржевальск жылқысының 12-і де осында.
 
Халық Баяділов, «Алтын-Емел» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Пржевальск жылқылары тек зоопарктерде өмір сүреді. Оны жабайы табиғатқа бейімдеу 2003 жылы осы парктен басталған. Келешекте қазаққа тән өзіміздің тарпаң тұқымдас Прежевальск аттарын табиғатқа бейімдеу қолдан келеді. Ары қарай жалғастырамыз.
 
Қорық қызметкерлерінің айтуынша, аймақ жануарларына екі аяқтыдан қауіп жоқ. Қатер  - төрт аяқтының ішіндегі айлакері - қасқырдан. Ғалымдардың дерегінше, 1 қасқыр 1 жылда 30-40 қарақұйрық жейді. Ал, осы санақта 20-ы кездескен.
 
Сондықтан, сирек тұқымдыларды азулы аш бөрі, некен-саяқ кездесетін аңшылардан қорғау мақсатында, қорық аумағына 33 кардон қойылған.
 
Қорықшы үйшігінің бірінде 2007 жылдан Өміржан Қуандықов тұрып келеді. Ертелі-кеш өз аумағын қызғыштай қорғайтын ол, бұл жолы да көрген-білгенін күнделігіне түртті.
 
Өміржан Қуандықов, Мыңбұлақ кардонының инспекторы:
Өзіме берілген аумақ 29 415 гектар. 25 000 гектары - жазық жер, 4 415 гектары - таулы жер. Ай сайын есеп өткізіп отырамыз.
 
Өзге қорықтардан сирек кездесетін жан-жануар, балық-құсының көптігінен бөлек, «Алтын Емел»  ғажайып табиғат, тазалығымен ерекшеленеді.
 
Бұл бағытта қорық басшылығы, соңғы жылдары Саябақтар шеруін ұйымдастырып келеді. Игі бастама адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын оңалтып, барын бағалауға септігін тигізеді.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу