Мұз ойылып, мерт бола жаздады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұз ойылып, мерт бола жаздады

15.03.2014
Мұз ойылып, мерт бола жаздады
Астаналық Алдаберген, Құдайберген есімді егіздер бір ажалдан аман қалды. Оқушылар әдеттегідей спорт залдан қайтар жолда өзен үстіне шығады. Баланың салмағын көтере алмаған мұз опырылып түскен. Абырой болғанда оқыс оқиғаны өтіп бара жатқан жұрт дер кезінде байқап қалды.
 
Алдаберген мен Құдайбергеннің күнде өтіп жүрген жолы осы. Айтуларынша, ойнап келе жатып, бірінің сөмкесін бірі мұзға лақтырған. Оны Алдаберген алмақ болғанда, мұз ойылып суға бір-ақ құлайды.
 
Құдайберген Бектанов, 5-сынып оқушысы:
Ол батып жатқан кезде қолын берген, мен тартып жатқанда мұз сынып кетті. Мен де түсіп кеттім.
 
Ал, полиция қызметкерлері Мақсат Бейісов пен Досхан Мұса-Намаздың таңертеңгі жаттығуға келе жатқан беті екен. Көпір үстінен өте бергенде баланың жанұшыра шыққан даусын естиді.
 
Мақсат Бейісов, ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің инспекторы:
Балалар 5-10 минуттай суда қиналып қалған. Бір баланың даусы да шықпай қалған.
 
Досхан Мұса-Намаз, ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің полицейі:
Балалар маған жабысып алған. Мен мұзды ұстаймын, ал мұз сына берді сына берді. Біз шегіне жете алмадық. Тек сыртқа шығу деген ой болды.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Есіл өзенінің дәл осы тұсы алты ай қыста да қатпайды. Өйткені іргедегі спорт кешенінен ағатын қалдық суды құятын құбыр бар. Сондықтан мынадай тыйым салатын тақтайша да ілінген. Алайда елордалықтардың көбісі ескерту тақтайшасын ескере бермейді.
 
Өткен жылы 8 адам суға кетіп қайтыс болды. Оның барлығы да өзеннің тыйым салынған тұсына барған.
 
Ермек Әлібеков, Астана қаласы ТЖД Судан құтқару қызметінің басшысы: 
Біз өзімізге қарасты аумақта бірде бір қайғылы оқиғаға жол берген емеспіз. 34 құтқарушы жыл он екі ай, тәулік бойы су бетін қадағалауда ұстайды.Оқыс оқиғаның бәрі халықтың осындай салғырттығынан болады.
 
Мамандар наурыз-сәуір айында мұздан келер қауіп күшті дейді. Өйткені жұқарған мұз артық салмақты көтере алмайды.
 
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу