Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерден ірі көлемде қаржы қымқырған алаяқ әйел қамауға алынды. Әзірге 32 жастағы Алина Хакалоның 10 кәсіпкерді тақырға отырғызғандығы белгілі болды.
Қаржы пирамидасын құрған Хакалоның тұзағына түскендердің дені - Батыс Қазақстан облысынан. Арасында Ақтөбе мен Алматының кәсіпкерлері де кездеседі.
Олар, өзін ЮСАИД бағдарламасының операторы, деп таныстырған әйел арқылы грант алып, өз жобаларына қолдау таппақшы болған. Алайда, алаяқтың арбауына ілігіп, 1 миллиард теңгеден астам шығынға батты.
Мәселен, «Конденсат-Холдинг ЛТД» серіктестігі 408 миллион, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті 235 миллион теңгеден айырылған. Аталған дерек бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды.
Мағауия Құрмашев, Тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
Екеуміз бір шот ашамыз. Соған өзіңнің ақшаңды аударасың. Сосын қандай мақсатқа жұмсайтының туралы құжаттармен реттеп, маған бересің. Оны мен Болгариядағы ЮСАИД-тың филиалына жіберемін. Құжаттарыңыз дұрыс деген жағдайда, жетпей тұрған қаржыңыз қосылады, деп сендірген.
Рауан ДИӘЛИ