Тұрғындар неге қоршауда қалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар неге қоршауда қалды?

17.03.2014
Тұрғындар неге қоршауда қалды?
Қызылорда қаласында «Саяхат» атты үлкен   мөлтек аудан бар. Бірақ, неге екені белгісіз, ол аумақ өзгелерден оқшауландырылған. Тұрғын үйлер түгелдей ұзындығы атшаптырым болатын қоршаудың арғы бетінде қалған. 
 
Сондықтан, «Саяхатқа» қажет кезінде жедел-жәрдем көлігі кіре алмайды. Өрт сөндірушілер де діттеген жерге жетпей, қиналатындарын айтады. Ал қоршаудың артындағы ахуал тіптен сорақы. Оны тек барып көру керек.
 
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Қаланың дәл ортасында болса да, «Саяхат» мөлтек ауданы айдалада қалған ауыл сияқты. Өйткені, екі ортаны қаңылтыр қоршау бөліп тұр. Оның үстіне жылу құбыры да арғы беттен бергі бетке қатынауға кедергі келтіреді. Ал тұрғындар болса, өз үйлеріне кіріп-шығу үшін қаңылтырды әр жерден кесіп, жол жасап алған.
 
Қала мен «Саяхаттың» арасындағы «қыл көпірдің» бірі - осы. Тұрғындар көліктерін көшеде қалдырып, өздері жаяулап-жалпылап арғы бетке әзер өтеді. Темір қоршаудың арғы бетіндегі жағдай мүлдем күрделі. Жол, ауыз су, жарық мәселелері шешілмей, шегендеулі жатыр.
 
Патшагүл Игебаева, мөлтек аудан тұрғыны:
Аяқ алып жүргісіз батпақтан жұмысқа, балабақшаға, мектепке бара алмаймыз.
 
Жолдың жыры - осындай. Ал бұл жерге бірінші рет келсеңіз, іздеген мекен жайды таба қоюыңыз екіталай. Өйткені, атауы жоқ көшелер бір-бірімен тізбектеліп, «Саяхат» 12,13,14,15... деп кете береді. Үйлердің бәрі нөмірсіз.
 
Әлиасқар Бекқадамов, мөлтек аудан тұрғыны:
Такси келмейді, жедел жәрдем көлігі келсе, тасжолдың бойына шығып тұрыңдар, дейді.
 
 Гүлбадан Күлмұратова, мөлтек аудан тұрғыны:
Өрт болған жағдайда бұл жердегі өртті ешкім сөндіре алмайды. Өйткені, өрт сөндіргіш көлік кіретін жер жоқ. Айналып келемін дегенше, жарты сағат кетеді.
 
Тізе берсек, проблемалардың таусылар түрі жоқ. Ал жұртты жүйкені жұқартқан бұл мәселелер қашан шешіледі, деген сауал мазалап отыр. 
 
Мұхамедиса Әлсеріков, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
214 миллион теңгеге жалпы 31 шақырым ауызсу желісі тартылуы керек. 140 миллионға 14 шақырым жол салынуы керек. Бұған қосымша 12 миллион теңгеге 4,4 шақырым электр желісін тарту керек. Тиісті құжаттар дайын. Енді республикалық бюджеттен сол қаржы бөлінген кезде осы айтылған мәселелер шешімін табады деп ойлаймыз.
 
Бірақ, қаңылтыр қоршау туралы ешкім ешнәрсе айта алмайды. Мөлтек аудан қашан қоршалды, не үшін қоршалды және ол алынып тасталады ма, деген сұраққа нақты жауап жоқ. Тек қалалық әкімшілік тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін көлік өтуге болатын жол салуға уәде беріп отыр.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу