Жертөледен жағымсыз иіс шығады, ал көптен жөндеу көрмеген подъездердің іші кісі көргісіз күйге түскен. Сонымен қатар, уақытында күрелмеген төбенің қары іргеден жүргендерге қауіп төндіруде.
Қостанай қаласының қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің бірінің қазіргі жағдайы осындай. Тұрғындар бұған коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорынды кінәлайды. Ал, кәсіпорын басшылары келеңсіз жағдайдың қалыптасуына тұрғындардың салғырттығы себеп, деген уәж айтады.
Бұрынғы оқу орнының жатақханасы тоқсаныншы жылдары жеке тұрғын үйге айналған. Содан бері ғимарат күрделі жөндеу көрмепті. Инженерлік коммуникацияның тозығы жеткен, подъездер лас, аула қоқыс пен қардан уақытында тазартылмайды. Тұрғындар мұның бәріне коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорынды кінәлайды.
Нина Харитонюк, тұрғын:
Ақшаны алады. Аз емес. Мен, мысалы, айына 1200 теңге төлеймін. Ал, өз міндеттерін дұрыс атқармайды.
Бұл - осы көпқабатты үйдің астындағы азық-түлік дүкені. Қасындағы жертөленің есігінен күлімсі иіс мүңкіп тұрады, дейді сатушысы.
Гүлбану Бұқабаева, сатушы:
Инженерлік коммуникацияны жөндеу керек. Үй кондоминимумда тұр.
Осы үйге қызмет көрсетіп отырған кәсіпорын басшысы өз міндеттерін толық атқарып отырғанын айтады. Бұл міндет - ағымдағы жөндеу мен пайда болған ақауларды жойып отыру. Ал жертөледегі кәріз құбырын, жалпы үйді толық жөндеу тұрғындардың өздерінің міндеті, дейді.
Светлана Квалдыкова, кәсіпорын басшысы:
Негізінде олар кондоминимумда. Оларға тұрғын үй шаруашылығын жетілдіру бойныша жұмыс істеу керек. Несие алсын. Мен есептедім: үйді толық жөндеу үшін 5 миллион теңге қажет. Бұл 10 жылға шаққанда әр отбасына 350 теңгеден ғана келеді.
Бақыткүл Төржанова, тұрғын:
Кондоминимум келісімін біз көрген жоқпыз. Оған қол қойған жоқпыз. Біз қандай кондоминимумға кірдік, кімнің арқасында кірдік, білмейміз.
Яғни, тұрғындар кондоминимумға біріктіру ісі өздерінің келісімінсіз жүзеге асқанын айтады. Мұндай жағдайда кімнің сөзі өтірік, кімнің сөзі шын екенін айыру да қиын. Бірақ, күтімсіз үйдің жайсыздығынан тек қарапайым тұрғындардың зардап шегіп отырғаны бұлтартпас айғақ.
Дәуренбек ӘБДІБЕК