Қостанай облысындағы Алтын дала ауылының тұрғындары еріген қар суының қоршауында қалды. Бұған су ағатын негізгі арықтың уақытында тазаланбауы себеп болған.
Елді мекендегі еріген қар суы жылда ең төменгі көше арқылы ағып барып, Тобыл өзеніне құйылатын. Биыл қысқы борандарда тау болып үйілген қар ағын судың жолын бөгеп қалды. Соның кесірінен тұрғындардың жүріп-тұруы қиындады.
Жағдай түзелмесе, енді аула мен қора-қопсыны да су басуы мүмкін. Себебі, ауылда әлі қар көп. Тұрғындар үйілген қарды күрекпен аршып, арықты тазалауға әрекеттенуде.
Бірақ, арнайы техниканың көмегінсіз бұл істен нәтиже шығуы неғайбыл. Жағдайдан жергілікті әкімдіктегілер де хабардар. Алайда, билік тарапынан әлі де нақты көмек көрсетілген жоқ.
Төлеген Төлепбергенов, ауыл тұрғыны:
Бүгін тағы бардым, орнында жоқ. Орынбасарына айтып кеттім. Көрдіңіздер ме, қолмен аршып жатырмыз. Енді оны өзенге дейін апару керек.
Сәуле Қасымова, Жамбыл ауылдық округінің бас маманы:
Жеке қожалық иесімен хабарласып, көмек сұрадық. Бүгін таңертең трактор жіберіп, тазалатамын деді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК