Қызылордада экологиялық таза отын-табиғи газбен жүретін автобустар жолаушылар тасымалдай бастады. Қоғамдық көлік 70-80 адамға лайықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін мініп түсуіне жағдай жасалған. Ал, кондукторлар арнайы киім киеді.
Бұл - қызылордалықтар үшін үлкен жаңалық. Өйткені, осы уақытқа дейін облыста жолаушы тасымалы күрмеулі мәселе еді. Қоғамдық көліктер қатарында үлкен сыйымдылықты автобустар мүлдем болған жоқ, тек «Газельдер» көпшілікке қызмет көрсетіп келді.
Осыған орай, өңірде «Қызылорда қаласында автобус паркін құру» жобасы әзірленіп, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржылай қолдауымен алғашқы 20 автобус әкелінді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда қаласының әкімі:
Бүгіннен бастап қаланың орталығында бұл автобустар халыққа қызмет жасайтын болады. Алдағы уақытта автобустардың санын 100-ден асырамыз деген жоспарымыз бар. Бұған өзіне арнайы газ бекеті қаланың ортасында салынып, іске қосылып жатыр. Біз алдағы уақытта коммуналдық техниканың барлығын газға көшірсек деп отырмыз.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ