Мәскеуде студенттер Наурыз мерекесін тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде студенттер Наурыз мерекесін тойлады

20.03.2014
Мәскеуде студенттер Наурыз мерекесін тойлады

Биыл мәскеулік студенттер де, ұлық мейрам -  әз-Наурызды алғаш рет атап өтті. Ресей астанасында оқып жатқан Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің жастары бас қосып, ұлыстың ұлы күнін лайықты қарсы алды. Шараға барлығы  600-ден аса студент қатысты.

 
Мәскеулік студенттер Наурызды кеңінен атап өтті. Жас та болса бас болып, барлық шараны өздері ұйымдастырды. Мәселен, қазақ студенттері ерекше ауызбіршілік танытып, мерекеге жан-жақты дайындалды.
 
Рауан Кенжетай, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университетінің 2-ші курс студенті:
Басқа ұлттардан қалыспай наурыз көжемізді ертемен дайындап, бауырсағымызды пісіріп, дастарқанымызды жайнатып қойдық. Бәріміз бөлісіп алып, бауырсақты бір университетке беріп, наурыз көжені біреуіне беріп осылай дайындадық ұйымдасқан түрде.
 
Наурызды көрген адам Мәскеуде емес, Астанада немесе Ташкентте жүргендей күйге бөленді. Ұлттық дастарқаннан бөлек, қол күресі, арқан тартысу сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті.
 
Әлия Шуриева, шараны ұйымдастырушы:
Қазақстаннан, туған жерімізден алыс болсақ та, өзіміздің мейрамымызды және салт-дәстүрімізді ұмытпай, бүкіл университтеттердің студенттерін жинап, бәріміз осы мерекені бірге тойлағымыз келді.
 
Мәскеулік студенттер арасында Наурыз мерекесі биыл тұңғыш рет тойланды. Шараны өткізуге қазақ өзбек, тәжік, түркімен жастары бір кісідей атсалысты. Ал өзге ұлттар Наурызбен танысты.
 
Ониама Кеннедс, нигериялық студент:
Наурыз деген өте жақсы мереке екен. Мен Нигериядан келіп Мәскеуде оқып жатқандықтан бұл мейрамға бірінші рет қатысып тұрмын. Наурыз құтты болсын!
 
Ілияс Артықов, өзбекстандық студент:  
Наурыз - жылына бір-ақ рет келетін көктем мерекесі. Бұл шараға біз жан-жақты дайындалдық. Осылайша түрлі ұлттардың достығын, бірлігін көрсеткіміз келді. Ендеше бәрімізге ортақ мерекеміз құтты болсын!
 
Кештің соңында мерекелік концерт өтті. Шараға қатысқан 4 елдің студенттері ана тілдерінде ән шырқап, би биледі.
 
Нұртас Солтанұлы, тілші 
Бүгін мәскеулік студенттердің әрқайсысы өздерінің дастарқанын жайды, салт-дәстүрін көрсетті, тіпті мына секілді ұлттық киімдерін де мақтанышпен киіп жүрді. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз мерекесі түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосты.
 
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу