Кемел келешектің кепілі - бірлік. Төртеу түгел болса төбедегі келеді деген аталы сөз соның айғағы. Бүгінде Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігі мен жарасты өмірі көптеген елдерге үлгі боларлықтай. Еліміздің солтүстік шекарасындағы Қызылжар өңірінің халқы да бір шаңырақ астында бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүруде.
Бүгін Петропавлдағы Қазақстан Халқы ассамблеясы филиалында қарбалас тірлік. Бәрі де ұлық мереке Наурызды атап өтуге дайындалу үстінде. Сәнді де көркем ұлттық костюмдерін киіп, бой түзеп жүр. Бұл жай ғана концерт емес. Өздерінің өнері мен жарасты тірлігі арқылы өзгелерге татулықты паш етпек.
Мария Чернышова, «Русская община» ҚБ жастар қанатының мүшесі:
Қазақстан Халқы ассамблеясының арқасында мен өзге ұлттар арасында көп дос таптым. Біз олармен тек мереке күндері ғана емес, күнделікті кездесіп тұрамыз. Өте жақын аяулы достар тапқаныма қуаныштымын.
Діні мен ділі бөлек славян халқы да Наурызды ұлықтап жатқанда төл мерекесі саналатын шығыс халқы да қарап қалмасы анық. Солардың бірі - Әзірбайжан мәдени орталығы өкілдері. Олар бұл күнді ерекше атап өту үшін барын салмақ. Мәдени орталық мүшелері осының барлығын да елдегі тұрақтылықтың арқасы деп есептейді.
Чингиз Курбанов, «Әзірбайжан мәдениеті» орталығы төрағасының орынбасары:
Біздің Қазақстанымызда 100-ден астам ұлт пен ұлыс бар. Бәрі де тату-тәтті. Тіпті Шығыс пен Батыстағы елдердің дүрдараздығы мен адам шошырлық харекеттеріне үреймен қараймыз. Біздің елдегі келісім мен бірлік Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысындағы ассамблеяда 22 мәдени бірлестік жұмыс істейді. Бірлестік мүшелерінің бастары тек мерекеде ғана қосылып қоймайды, үнемі елдегі елеулі оқиғалардың ортасында жүреді. Осылайша ынтымағы жарасқан сан алуан ұлт өкілдері мызғымас тұрақтылық пен берекелі бірліктің ұйытқысына айналып жүр.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ