Мыңнан аса көлік қар астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мыңнан аса көлік қар астында қалды

26.03.2014
Мыңнан аса көлік қар астында қалды
Соңғы күндері Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент тасжолында мыңнан аса көлік қар астында қалып қойды. 800 адам құтқарылды. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетті. Соның салдарынан жүк көліктерін қар басып, жол қозғалысы тоқтаған.
         
Жолшылар мен құтқарушылар 5 күн бойы дамыл таппады. Ылғал қарды тазалау оңай емес. Техниканың да қауқары жетпейді. Ал, Ақтөбе-Орск бағытынан қалаға қатынау мүмкін болмады. Жолаушылар Ащылысай ауылына жеткізіліп, жүзге жуық адам жолдың ашылуын күтіп жатыр.
                   
Армениядан Шымкентті бетке алған Тохсанц Ланик жолда мұндай боранды көрмеген. Ақтөбе облысының Хромтау ауданына жақындаған тұста дала түтеп, жол көрінбей қалды. 10 минуттың ішінде көлікті қар басып тастаған. 2 күн далада қалған жүргізушілерге құтқарушылар көмек көрсетіпті.
 
Тохсанц Ланик, жүргізуші:
Нан әкеліп берді. Тамақ бітіп, қарнымыз ашқан еді. Құтқарушылар Хромтауға қонақүйге орналастырды. 3-4 күн сонда болып, күн ашылған соң көлігімізді шығарып берді.
                   
Ақтөбе мен Қостанай облысының арасындағы тасжолда мыңға жуық машина жатыр. Жолдан шығып кеткендер де көп. Ресейден Алматыға тауар таситын Мұхтар қардың тез ерімеуін тілеп тұр. Әйтпесе, көлігі аударылады.
         
                   
«ҚазАвтоЖол» мекемесіндегі 68 техника түгел жұмылдырылды. Тағы 15 көлік жалға алынған. Самара-Шымкент тасжолы бір бағытқа қарай ашылып, көлік кезекпен жіберіліп жатыр. Ал, Ақтөбе-Орск бағытында жағдай қиын.
 
 Әкімжан Өтемұратов, «ҚазақАвтоЖол» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры:
 
Осы бағытта 30 шақты машина жол бойында қалып қойды. Біз ол машиналарға әлі жете алмай жатырмыз. Негізінде Төтенше жағдайлар департаменті мамандары ол адамдарды шығарып, Ащылысай поселкесіне орналастырған. Мектепте жатыр ол адамдар.
 
Өңірде 9 күн боран болды. Ұйытқыған боран жолдың бәрін жауып тастаған. Далада қалғандарға көмек көрсетіп, басын қатерге тіккен жолшылар мұндай жағдай бұрын соңды болмағанын айтады. 20 жылдан соң қайталанып отыр, дейді үлкендер. Қазір, жол бойында жұмыс қызу. Абырой болғанда адамдар аман.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу