Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектерге әлеуметтік көмектерді ұйымдастыру жөнінде небәрі 2 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар өткен жылы тек 45 адамға ғана жәрдемдескен. Өңірге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мұндай орталықтарды көбейтіп, жұмысын жандандыру қажет,- деді.
Солтүстік Қазақстан облысында 29 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 19 мыңы жұмысқа жарамды. Елбасының биылғы Жолдауынан соң жарымжан жандарды еңбекке тарту қарқын алуда. Бірақ, жұмыс істей алмайтындары да назардан тыс қалмайды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
2009 жылдан бастап біз мүгедектерге қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдарға ақша төлей бастадық. Былтырғы жылы ғана орталықтар ашу үшін республикалық бюджеттен 650 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 45 адамға 3 миллион теңгеге қызмет көрсетілген.
Үкіметтік емес ұйымдар және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездескен Тамара Дүйсенова мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек қызметін әлі де болса жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұған қоса әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мен жаңалықтар туралы да хабардар етті. Мәселен, келер айдан бастап жәрдемақы 12 пайызға артады.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Мағжан Жұмабаев ауданында салынған жаңа емхананың ашылу салтанатына қатысты. 250 науқасты қабылдауға арналған бұл нысан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша тұрғызылған.
Шырайлым Тұяқова, аудан тұрғыны:
Бұрынғы поликлиникада кабинеттерде үлкен кезек болатын. Кабинеттер тар болған. Енді ойлаймын, мұндай мәселелермен кездеспейміз. Өте жақсы, қуанышты хабар біз үшін.
2012 жылы Солтүстік Қазақстандағы 4 аудан орталығында 4 бірдей емхананың құрылысы басталған болатын. Бұл солардың ішінде пайдалануға берілген алғашқысы. Нысан жаңа қондырғылармен жабдықталған. Қазірдің өзінде 129 адам еңбек етеді, олардың 45-і дәрігер.
Аудан орталықтарында осындай заманауи емдеу нысандарының болуы ең алдымен басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарының облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домды үйдің іргесінен-ақ алуына мүмкіндік берері сөзсіз.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ