Батыс Қазақстан облысының Шоңғай елді мекені маңында 27 наурызда Ресей зымыраны құлады. Оқыс оқиға түнгі 01.00 шамасында орын алған.
Ауылдан 500 метр қашықтықта құлаған құрылғының метеорологиялық зымыран екені анықталып отыр. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Жауапты мекемелердің мамандарынан құрылған аудандық комиссия оқиға орнында жұмыс жүргізіп, болған жағдайды облыс жетекшілігі мен «Капустин Яр» полигонының басшылығына хабарлады.
Аумақтағы радицияның деңгейі қалыпты, десек те топырақтан сынамалар алынып, Орал қаласындағы зертханаға жіберілді.
Рүстем Зұлқашев, Бөкей Ордасы ауданы әкімінің орынбасары:
Зымыран өзінің тиісті бағытынан ауытқып, ауылдың төңірегіне түскен. Әйтеуір, 500 метрдей алыс түскен. Бүгін комиссия әрі қарай жұмысын жалғастырады. Оның себептерін анықтайды. Сосын өзінің тәртібімен ракетаның қалдықтарын полигонның уәкілдеріне беретін боламыз.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан аумағында Ресейдің зымырандарға сынақ жүргізуін уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазір Қорғаныс министрлігі оқиға салдары анықталғанша, Ресейге жалға берілген жауынгерлік алаңдарды пайдалану мен Қазақстан Республикасының аумағында сынақтар жүргізуді уақытша тоқтатты.
Рауан ДИӘЛИ