Полиэтилен қаптар шекара асып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиэтилен қаптар шекара асып жатыр

29.03.2014
Полиэтилен қаптар шекара асып жатыр
 
Көкшетаудағы кәсіпорын жылына 90 миллион дана қап шығаруға қауқарлы. Негізінен ұн, қант және химиялық заттарға арналған қаптар дайындайды. Кәсіпорынның өніміне жылдан жылға тапсырыс ұлғайып келеді. Олар еліміздің нарығымен қоса интеграциялық процестердің арқасында көршілес мемлекеттерге де шығарылады. Бұл өндіріс орнының Ресейдің ірі компанияларымен экономикалық байланыс орнатуы, табыс көзіне айналып отыр.
 
Қап дайындау ісінде тоқымашылардың рөлі ерекше. Кәсіпорын өнімінің сапасы осы мамандық иелерінің жұмысына тікелей байланысты. Мұнда 200-ге жуық тоқымашы еңбек етеді. Соның бірі - Гауһар Тұрсынқызы. Осы зауытта 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Гауһар өз ісінің маманы. Ұжым мүшелерінің арасында сыйлы, үлгі тұтарлық жан.
 
Гауһар Қожахметова, тоқымашы:
Осында оқытады, емтихан тапсырамыз. Адамдарды қабылдаймыз. Өзіміз білгенді үйретеміз. Менің қолымнан үш үйренуші сабақ алды. Олар мақтанышымыз. Қазір жұмыс істеп жатыр қасымда. Жалақымыз орташа, 60 -70 мың көлемінде.
 
Жалпы, кәсіпорында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Тоқылған қаптар, әрі қарай тапсырысқа байланысты керек пішінге келтіріледі. Осы өнімді дайындаудың соңғы операциясын тігіншілер атқарады.
 
Серік Керуенбаев, өндірісті дамыту бөлімінің басшысы:
Өзіміздің жалпы айналымнан 25 пайызы экспортталады. Оның ішінде 15 пайызын Ресей Федерациясына жібереміз. Олар негізінен ұнға, қантқа және химияға арналған қаптар.
 
Экспортталатын өнімнің қалған бөлігі Тәжікстан мен Қырғыз Республикасына  жіберіледі. Әсіресе, виг-бег деп аталатын қанар қаптарға тапсырыс жоғары. Сапалы полиэтилен өніміне Қытай елінің кәсіпкерлері де қызығушылық танытып отыр. Бір әттеген-айы, елімізде шикізатты өңдеп, полиэтилен жіп шығаратын өндіріс ошағы жоқ. Сондықтан, кәсіпорын, тоқыма жіпті қазіргі кезде Ресейден тасымалдауға мәжбүр болып отыр.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу