Жамбыл облысындағы үш ауданда жергілікті мәслихаттағы депутаттық бос орындарға сайлау өткізілді. Қордай, Жуалы және Жамбыл аудандарында 8 140 сайлаушы 6 үміткердің арасынан өз таңдауларын жасады.
Халық қалаулыларына сенім білдіру 5 сайлау учаскесі бойынша өткізілді. Саяси науқанға әдеттегідей дауыс беру құқығына ие азаматтар белсенді қатысты.
Алдын ала жасалған қорытындыларға сүйенсек, сағат 16.00-ге дейін сайлаушылардың 62 пайызға жуығы сайлау учаскелеріне барып, өздері сенім артқан үміткерлерге дауыс берген.
Біржан Күзенбеков, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы:
Бүгінгі таңда ешқандай заңбұзушылықтар бойынша арыз-шағым түспеген. Сондықтан, сайлау комиссиясы мүшелерінің тәжірибелерін ескере отырып, ешқандай кедергісіз өтеді деген сенімдеміз.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ