Сайлау еліміздің 14 өңірін түгел қамтыды. Бұл күні ел аумағында 59 сайлау округі бойынша 392 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Аталған округтер бойынша жалпы саны 188 кандидат ұсынылды. Округтік сайлау комиссиялары мәслихат депутаттығына кандидат ретінде оның 170-ін тіркеді.
Саяси додаға оның 61-і түрлі партиялардың, екеуі қоғамдық бірлестіктердің атынан түссе, 125-і өзін-өзі ұсынды. Бір депутаттық мандатқа 3 үміткерден келді. Сайланған мәслихат депутаттарының 44-і, яғни, 74 пайызы - ер, 15-і немесе 25,4 пайызы - әйел. 56 пайызы - жоғары, біреуі - арнаулы орта, ал екеуі - орта білімді.
Венера Жексембекова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы:
Сайлау науқаны сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Орталық сайлау комиссиясына 8 өтініш келіп түсті. Олар - сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіру жөнінде немесе кейбір кандидаттар мен сайлау комиссияларының іс-әрекеттерін құқықтық бағалау туралы өтініштер. Барлық өтініштер қаралып, олар бойынша тиісті жауаптар берілді.
Шынар АСАНҚЫЗЫ